9.01.2018, 12:59
Оқылды: 50

Сенат депутаттары қаратөбеліктермен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев, Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданында болып, аудан активімен кездесті. Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өткен басқосуда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын тапсырмалар мен жүзеге асырылмақ жұмыстар жайы әңгіме өзегіне айналды.

Жиында алғашқы боп сөз сөйлеген Ерболат Рахметұлы Сенат депутаттары елдің барлық өңірлерін аралап, халықтың тұрмысымен танысып, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақасу сапарларының басты мақсаты екендігіне тоқталды.

Сенат депутаты өз сөзінде: «Астана төрінде «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің өтуі, биылғы жылы еліміздің БҰҰ-на төрағалық етуі – тұрақтылық пен бейбітшіліктің жемісі. Қаратөбе ауданының толықтай табиғи газбен, қатқыл табанды жолмен қамтылу және елді мекендерге таза ауыз судың жеткізілуі қарқынды дамудың көрсеткіші», - деп, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне жоғары баға берді.

Одан соң сөз сөйлеген Сенат депутаты Нариман Төреғалиұлы:

- Қаратөбе өңіріне жасаған сапар барысында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқарылып жатырған шаруалардың куәсі болып отырмыз. Жасалып жатырған ауқымды жұмыстар – Елбасының стратегиялық бағдарламаларынан, Жолдауларынан туындайтын тапсырмалардың жүзеге асуының айқын дәлелі. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын халық түсінуде, қолдауда. Өркениетті елге айналу жолында ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып, санамызды жаңғырту басты меже, - деді.

Актив жиынында сөз сөйлеген аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағамбетов аудан бюджеті, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жөнінде баяндады.

Сенат депутаттарына ұсыныс-тілегін жеткізген БҚО ерікті мүгедектер қоғамының аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібеков кең жолақты ғаламтор желісін пайдалануға мүмкіндік туғызу, аудандағы жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруда қолжетімді бағамен жанармай құю бекеті салынса деген ойын жеткізсе, Аққозы ауылдық округінің тұрғыны Қоныс Мұқанов округ тыныс-тіршілігін тілге тиек етті.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы аудан тынысымен танысуға келген сенаторлар Ерболат Рахметұлы мен Нариман Төреғалиұлына аудан активі атынан алғыс білдірді. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қаратөбе ауданына жасаған сапары барысында аудандағы жаңадан ашылған мал сою бекеті жұмысымен танысты.

 Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале