26.07.2017, 10:16
Оқылды: 58

Сенаторлар Ақжайық ауданында болды

DSC_0020Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданында болды. Алдымен Чапаевта активпен жүздесу өтті. Шараны кіріспесөзбен ашқан аудан әкімі Әділ Жоламанов сенаторларды Ақжайықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тынысымен таныстырды.


Е.Мұқаев өз сөзінде мемлекетіміз үшін, оның азаматтары үшін өте маңызды заңдар қабылдаудағы Сенаттың ұстанымы жайында айтты. «Әлеуметтің мүддесі аманда ескеріледі. Халықпен осындай кездесулерде оларды толғандарған мәселелерді терең зерделейміз, өңірлердің тіршілігімен ұдайы жан-жақты танысып отырамыз»,-деді ол. Бұдан әрі сенатор жаһандық бәсекеге қабілеттілікке, рухани жаңғыруға байланысты Елбасымыз алға қойған межелерге сәйкес міндеттерге тоқталып, дәуір көшінен қалмауда ғылымның орасан орнын қаузады, инновациялық және интеллектуалдық технологияға көшуге байланысты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аса көкейкестілігін атап көрсетті. Ол осы орайда елімізде, облысымызда орындалып жатқан істерді атады.

Жиналғандар алдында Н.Төреғалиев Сенат депутаттығына жуырда өткен сайлауда өзінің кандидатурасын қолдаған жандарға алғысын айтып, бұл зор сенімді ақтау үшін бүкіл күш-жігерін, тәжірибесін жұмсайтынына сендірді.

DSC_0024Кездесуде үлкен аудан үшін шешімін табуға тиісті бірсыпыра мәселе көтерілді. Республика мәслихаттарының құрметті депутаты, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев өзін мазалайтын мына бір жайтты ортаға салды. Теледидар экраны мазмұны төмен, жұртқа теріс ықпал жасайтын фильмдерден арылмауда. Бұған тыйым жасайтын уақыт жетті. Осымен қатар еңбек ардагері жас ұрпақтың денсаулығы әрдайым ерекше орында тұруға тиістілігін атап көрсете келіп, ауданға дене шынықтыру-сауықтыру кешені қажеттігін айтты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова аналар үшін нәрестені бағуға берілетін төлемді демалыстың мерзімін үш жылға дейін ұзартуды ұсынды.

«Радуга» славян-мәдени орталығының мүшесі Анна Мартовицкая, еңбек ардагері Сайын Меңдіғалиев сенаторлардың қызметіне зор нәтиже тіледі.

Бұл кездесуден соң Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев азаматтарды қабылдау өткізді, аудан орталығы көшелерін абаттандыру барысымен танысып, жұмысшылармен жүздесті. Осыдан соң олар Қабыршақты ауылдық округінің орталығы – «1 Май» ауылына барып, Ұлттық қордың қаржысына салынып жатқан су құбыры құрылысын аралады. «БатысСтройИнвест» ЖШС жүргізіп жатқан бұл нысанның пайдалануға берілетін күні алыс емес.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген

Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале