6.12.2019, 12:39
Оқылды: 357

Серпіліске жетелейді

Ақжайық аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының активі өтті.

DSC_0020

Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, партияның ардагерлері мен белсенділері, мекеме-бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысқан жиында Нұр-Сұлтан қаласында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік партия өкілдерімен кездесуде партия жұмысының пәрменін арттыруға берілген тапсырмалар мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы алдағы міндет-межелер талқыланды.

Алдымен айтулы кездесуге қатысқан аудандық партия филиалы төрағасының орынбасары Айжан Нысанбаева сөз сөйледі. Ол Елбасының партияның жергілікті жерлерде жұмыс тиімділігін одан әрі арттырудың бірқатар негізгі бағыттарын атағанын тілге тиек етті. Айталық, ол әр әкім, мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейту, бөлінген қаражаттың жұмсалуына партиялық бақылауды ұйымдастыру, барлық деңгейдегі мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігін мығымдаған болатын. Партиялық жобалар аясында жалпыдан жалқыға, яғни атаулы жұмыстардың да маңызы ерекше. Қазіргі таңда партия мүшелерінің санынан гөрі сапасына баса мән берген жөн. Сонымен қатар саяси кеңесте Елбасы қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтастырудың және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды

Партия жұмысының ұтымдылығын еселеу үшін барлық ресурстарды жұмылдыру да көзделуде. Ақпан айында өтетін партия съезінде қызметті  ілгерілетудің алдын ала нәтижелері шығарылып, алдағы электоралдық міндеттер егжей-тегжейлі талқыланатын болады. Қазір партияның «Jas Otan» жастар қанаты мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2025 жылға дейін жаңа «Жастар – Отанға» бағдарламасын даярлауда. Басты мақсат – бүгінгі жастардың барлық сұраныстарына жауаптар көрсетіп, қыз-жігіттердің әлеуетін күшейту. А.Нысанбаева аталмыш бағдарламаның сәуір айында «Jas Otan» съезінде таныстырылатынын айтты.

Саяси кеңесте көтерілген мәселелер мен Елбасының партия алдына қойған осындай тапсырмалары туралы ақпарат берген Айжан Ғибатоллақызы ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Партияның басым бағыттарының бірі – «ядролық электоратты» қалыптастыру. Алдағы мәслихат сайлаулары пропорционалды жүйеде өтетінін ескерсек, кадрлық резерв құрамын жасақтау, ішкі іріктеу жұмыстарын сапалы ұйымдастыру мақсатындағы праймериздердің ашық әрі жария өткізілетіні анық, – деді баяндамашы.

Партияның «қайта жүктеу» бағдарламасында әйел адамдардың қоғамдағы орасан рөліне маңыз беріліп, олардың белсенділігін арттыру көзделсе, аудандағы 13 мәслихат депутатының алтауы нәзік жандылар қатарынан екенін атап өту керек. Келешекте көпбалалы аналарды партия жұмысына белсенді тартып, оларды жан-жақты қолдау тетіктерін бірлесе шешу жоспарланған.

Сонымен қатар бұл жиында аудандық мәслихат депутаттарының, фракция мүшелерінің атқарған жұмысы жөнінде аудандық мәслихат депутаты Самал Дошанова, бастауыш партия ұйымының жұмысындағы игі нәтижелер туралы Тайпақ және Қарасай бастауыш партия ұйымдарының төрағалары Алтынай Ибрашева, Ізбасар Дауытов баяндады.

Актив қорытындысы бойынша аудан басшысы кадрлық резервке іріктеуді ұйымдастыру, мәслихат депутаттарының бекітілген кестеге сай азаматтарды жеке қабылдауларын жүргізіп, қабылданған шешімдер жайында есеп беруін, филиалдың бақылау комиссиясының сыбайлас жемқорлық фактілерін дер кезінде анықтау, қатаң шара қабылдау, партия төңірегіне жастарды біріктіру бойынша жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Әлия Шарапиева

Суретті түсірген Нұрәлі Әлім

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале