30.09.2019, 13:00
Оқылды: 325

Шағатай ауылының 90 жылдығы тойланды

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Туған жерім – алтын бесігім» атты Теректі ауданы Шағатай ауылының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар ерекше салтанатпен өтті.

terekti (3)

Сахна төріне көтерілген Шағатай ауылдық округінің әкімі Оразбек Құсайынов, ауылдың төл перзенті, «Асыл тұқымды қазақтың ақ бас ірі қара малы» Палатасының төрағасы Мақсот Балқыбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, ақ тілектерін жеткізді. Шағатай ауылының өркендеуіне қажырлы еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеткерлік демалыстағы тұрғындарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

terekti (5)

Ауыл тойында дала қызықтары да болды. 21 шақырымға созылған аламанда Орал қаласынан келген Айбек Каримовтың «Батыр» атты жүйрігі бас бəйгені жеңіп алды. Ал Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылынан Еламан Жəрдемовтің «Баласадысы» мен шағатайлық Мереке Инкаровтың «Мұрагері» қалған орындарды бөлісті. 9 шақырымдық шабыстың бас бәйгесін Бәйтерек ауданы, Щапов ауылынан Қайрат Қарағойшиннің «Нұрқасқасы» жеңіп алды. Одан кейінгі орындар Қазталов ауданы, Көктерек ауылынан келген Нұрболат Әдиетовтың «Сұлтаны» мен ауданымызға қарасты Рыбцех ауылының тумасы Бақытжан Сатыбаевтың аты «Тарланға» бұйырды.

terekti (9)

Қазақ күресінен Қазталов ауданы, Көктерек ауылынан келген Жанайдар Меңдешов «Түйе палуан» атанды. Гір тасын көтеруде Шаған ауылының тұрғыны Руслан Дүйсенғалиев мықты болып, қой көтеруден Шағатай ауылының тумасы Әділет Сәлимжанов жеңімпаз атанып, басты сыйды өзімен бірге ала кетті.

terekti (12)

Киіз үйлерде мерекелік дастарқан әзірленіп, ақ жарма тілектер айтылды. Ауыл мерекесін тамашалаушылар «Чапаев» асыл тұқымды жауапкершілік серіктестігінің музейінің тыныс-тіршілігімен де танысты. Шаруашылық басшысы Бауыржан Нсанбаев «Чапаев» асыл тұқымды жауакершілігінің өмірбаяны және музей жұмысы жайында мәлімет берді. Мерекенің жалғасы ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Мәдениет үйінің фойесінде келген меймандар «Ауылым менің – Шағатай», «Ауылым мақтанады бір өзіңмен...» бөлімдері бойынша ауыл тарихы, ауылдан шыққан еңбек ардагерлері, тұлғалар, спортшылар жөнінде мəліметтермен танысты.

terekti (6)
Шағатай ауылының «Чапаев» племзаводы туралы сонау 70-80 жылдардағы тарихы түсірілген бейнефильм көрсетілді. Салтанатты шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов мерекемен құттықтады.

- Құрметті ауыл тұрғындары, аудан қонақтары! Бүгін Шағатайда жалпы ауданда үлкен той. Өңірдегі атағы алысқа жеткен, кезіндегі Чапаев мал зауыты атанған бірі, шаруашылық құрылған Шағатай ауылы 90 жылдығын тойлап отыр. Шағатай ауылы - ынтымағы жарасқан, тірлігі тиянақты, бірлігі бекем ауыл. Ауылдың тойы құтты болсын! - деді аудан басшысы.

terekti (7)

Шағатай ауылының дамуы мен өркендеуіне сүбегелі үлес қосып жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек Шағатай ауылынан түлеп ұшып, бүгінде облыс, республикада қызмет атқарып жүрген ҚР-ның Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоқжанов, БҚО әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов құттықтау сөз сөйледі.

terekti (8)

Ел абыройын асқақтатып жүрген туған жер перзенті Е.Тоғжанов мереке аясында 20 шағатайлық тұрғынға шипажайға жолдама табыстады. Ауыл күні мерекесі аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласып, ауыл тойына Маңғыстау облысынан арнайы келген «Арна» жанұялық ансамблі өнер көрсетті.

Кеш соңында ауыл әкімі Оразбек Құсайынов «Арна» жанұялық ансамбліне ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

Үміткер Орынғалиев

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале