20.01.2020, 15:37
Оқылды: 101

Шағатайға тіс дәрігері келеді

Теректі ауданының Шағатай ауылдық округі әкімі Оразбек Құсайыновтың есептік басқосуына жиналған халықпен кездесуге аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, дербес бөлімдер басшылары, жергілікті мекеме-ұжымды басқарып отырған лауазымды адамдар арнайы келді.

terekti shagatai (1)

Қызылжар, Құтсиық, Қоғалытүбек, Қарабас ауылдары басын біріктірген округте екі мың халық бар. Мал өсіруден қол үзбеген шағатайлықтар ірі қараны 4 219, жылқыны 2 814, ұсақ малды 6 894 басқа жеткізген. "Бастау-Бизнес" арқылы жалпы сомасы 39 млн. 500 мың теңге несие алған тоғыз адам да сол мал өсіруге ден қойды. Абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру шаралары ретімен жүруде. Бұл шаралармен тек округ орталығы ғана емес, шағын ауылдар да қамтылған. Қоғалытүбек ауылында балаларға алаң салынды. Қызылжар мен Қоғалытүбек көшелеріне жарық шамдары орнатылды.

terekti shagatai (2)

Жалпы аумаққа ортақ мәселе – су. Қарабас өзені кеуіп бара жатыр, Жезбұға да сондай жағдайда.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндаған соң сұрақ қойған шағатайлықтардың дені осы су жайын айтты. Тағы бір мәселе – маман дәрігер керек. Әсіресе, тіс дәрігері. Жиынға қатысып отырған аудандық аурухана директоры Бекзат Құбаев тап сол жерде шешімін де айтты. Ендігі жерде ауылға тіс дәрігері арнайы кесте бойынша келіп, ем жүргізеді.

Жиыннан соң аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған жұмыс тобы жеке мәселелерін айта келген ауыл тұрғындарын қабылдады.

Камелия Қарекесова

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале