8.01.2018, 12:43
Оқылды: 46

«Шағын қожалықтардың кооперативтерге бірігуі ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік береді»

Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев келді. Қызылоба ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарын аралаған депутат «Жайылым туралы» заң жобасын түсіндіріп, еліміздің ауыл шаруашылық саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңес берді.

Мұнан соң аудан орталығына ат басын бұрып, «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығындағы ем алушылар және ұжыммен жүздесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Кейін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын түсіндіру және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау жөніндегі актив жиыны өтті. Алқалы жиынды аудан әкімі Н.Қарағойшин ашып, жүргізді.

Кездесуде Жексенбай Қартабайұлы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты елімізде атқарылып жатқан іргелі жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, ол ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, оны жүзеге асыру жайлы баяндады. Шағын қожалықтардың кооперативтерге бірігуі ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ ҚР «Жайылымдар туралы» заңындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, кеңінен мағлұмат берді.

-Еліміздің әлемдегі 30 озық елдің қатарына енуі үшін ел болып, баянды бірлікте еңбек етуге тиіспіз. Еліміздің дамуына зор ықпал ететін ауылшаруашылығын дамыту жолында белсене еңбек етуіміз керек. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып риза болып отырмын. Көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңыз болса, жауап беріп, айтылған мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, мәселелердің шешілуіне атсалысамын,-деді Ж.Қартабайұлы.

Бұдан кейін аудандағы ауыз су мәселесі жөнінде аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали, жаппай жекешелендіру, баға тұрақсыздығы төңірегінде зейнеткер Н.Мақанов, зейнетақы туралы Ш.Әбуғали, тағы басқа азаматтар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауданға келіп, ел жағдайымен танысып, тиімді кеңестер бергені үшін халық қалаулысы Жексенбай  Қартабайұлына аудан активі атынан алғыс айтып, елдің дамуына атсалылып жүрген депутаттық қызметіне  сәттілік тіледі.

Ақсұңқар СӘДІР,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале