21.01.2020, 16:10
Оқылды: 65

«Шалыс басқан жандардың қайта қылмыс жасамауын қадағалаймыз»

Бәйтерек аудандық №1 және №2 пробация қызметінің мамандары шартты сотталғандар мен темір тордың арғы жағынан келгендердің және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға кесілген жандардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу мақсатында біраз жұмыс атқаруда.

baiterek (1)

Пробация қызметінің мамандары полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган жұмысшыларымен бірігіп, есепте тұрған жандарды тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әр сотталушының тұрғылықты жерін анықтап, жанұя мүшелерімен әңгімелесіп, қоғамға бейімделуге кедергі келтіретін факторларды анықтайды. Сонымен әр сотталушымен жеке сөйлесіп, пробациялық бақылау шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібін түсіндіреді.

Бұдан бөлек ислам дінін ұстанатын сотталғандарға Құран кәрімде жазылған әр хадистің мәнін ұғындырып, теріс діни ағым жолына түспеуін қадағалау үшін пробация қызметі аудандық ішкі саясат бөлімімен бірігіп, көптеген шараны қолға алды. Ол шаралар барысында сотталғандар мешіт имамымен және теологтармен кездесіп, өздерін мазалаған сұрақтарын қояды.

baiterek (4)

 Сондай-ақ есепте тұрған жандарды еңбекке бейімдеу мақсатында да біраз іргелі істерді атқарған пробация қызметінің мамандары аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен де тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып келеді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылына орай аудандық №2 пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Маргарита Галянина есепте тұрған жандардан еріктілер тобын құрып, Дариян ауылында тұратын жалғызбасты қариялар мен кейуаналар үйлерінің ауласындағы қарды аршуға қолғабыс етті.

-Пробациялық бақылаудың мақсаты – заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, шартты түрде сотталғандардың жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдік және құқықтық нормаларды сақтауы. Жыл басынан атқарған жұмысымыз әлі да жалғасын табады. Шалыс басқан жандардың қайта қылмыс жасамауын қадағалаймыз, - дейді Бәйтерек аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы Телман Тукешов.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале