22.09.2017, 15:17
Оқылды: 28

Шаруа қожалығында семинар өтті

Оралда «Қазақтың ақбас тұқымының» аналықтарын қолдан ұрықтандыру» тақырыбына өткен семинардың машықтық бөлімі Ақжайық ауданы, Бударин ауылдық округіндегі «Аманер» шаруа қожалығында өтті.

Мамандар, жер-жерден келген шаруалар осында кеңінен пікірлесті, «Аманердегі» зоотехникалық есептің әдіснамасына, нормативтік-құқықтық бастапқы негіздеріне, түлікті бірдейлендіруге, индекстік бағаларына, мал басының айналымына назар аударды.

Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілетті өкілі Мақсот Балқыбаев ашып, жүргізген шара барысында сиырды қолдан ұрықтандырудың ұтымды мезгілін анықтауға, аталықты тарттыруға байланысты мастер-кластар өткізілді. Аталған палатаның селекциялық-асылдандыру жұмысы жөнінде менеджері Александр Суминов тұқымдық өнім-материалдарды пайдалана отырып, тақырыпты егжей-тегжейлі баяндады. Малдың жыныстық қайталанбалы кезеңі, ұрықтандыруға қажетті құралдар, ұрықты сақтау мен тасымалдауға арналған «Дьюарды», пинцетті, шприц-катетерді пайдалану – мұның бәріне қатысты титтей де «майда-шүйде» деген болмауы тиіс. Сондықтан дәрісте шприцті алып жүруге өте қолайлы қалта мен санитарлық қаптаманы қолданып, сақтай білу туралы да айтылды. Дәріс «Аманер» шаруа қожалығының ветеринарлық блогында жалғасын тауып, электртаразымен жұмыс, малдың буаздығын, мұның мерзімін УЗИ-сканермен анықтау жүргізіліп, қатысушылардың сұрақтарына кеңінен жауап берілді.

2008 жылы құрылып, 2013 жылдан Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасына тірелген бұл шаруашылықтың тыныс-тірлігі жиналғандарға кеңінен таныстырылды. Қанат Досқалиев басқарған «Аманер» «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жобасының белсенді қатысушысы болып табылады.

– 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8 млн., 2013 жылы 9,5 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, бұған 92 бас аналық, 4 бас аталық алдым. Сәл кейін Ресейден 290 бас қашар әкелдім. Биыл да 60 млн. теңге несиеге 150 бас ірі қара алдық. Жуырдағы өткен кезеңде басқа шаруашылықтарға 120 бас қашар, 130 бас бұқа саттым, көбі өз облысымызға, сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда, Атырау өңірлеріндегі шаруалар да алды. Екі жыл бұрын «Құлан» бағдарламасы бойынша несиеге жылқы сатып алдым, қазір Көшім жылқысын өсіру жөнінде де асыл тұқымды шаруашылықпыз,-деді Қанат Бақтығалиұлы.

Қазір аманерліктерде 831 бас ірі қара бағылса, соның 371-і – аналық. Мәселен шаруашылықта былтыр ұрықтандыру «Чемпион», «Самұрық» бұқаларының ұрықтарымен орындалды. Елімізде аталықтарды бағып, тұқымды сақтап, сапасын жіті бақылаумен шұғылданатын «Асыл түлік» орталығымен, «Асыл» ЖШС мамандарымен тұрақты байланыс бар. Шаруашылықтағы аталықтарға қатысты 2015 жылы Америкадағы зертханада SNP әдісімен ДНК сараптамасы өткізілді.

Түлікті қолдан ұрықтандырудың малды түрлі ауру-кеселден аман сақтаудағы, оның тектік әлеуетінің маңыздылығындағы орны айтулы. Елімізде осы орайдағы бүкіл қам-қарекетті, тәжірибені одан әрі байыта түскен абзал. Республикалық палата осыған қатысты жер-жерде оқулар ұйымдастыруды жалғастырады. Семинардағы сөз осылай түйінделді.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале