31.08.2017, 15:29
Оқылды: 40

Шеруен атаға арналып ас берілді

Қаратөбе ауданы Төлен ауылында өз заманында беделді адам болған Шеруен атаның ұлдары Ізімғали мен Шеруен атаға арнап ас берілді.


Асқа аталардың ұрпақтары, туған-туыстары, Төлен ауылының халқы бас қосып, аталарға құран бағыштады. Басына киіз үй тігіліп, азаматтар атаның үйін сырлады. Құран жазылған үстел орындығымен орнатылды. Болашақта түнекке келген адамдардың садақа жасауға қолайлы болуын ұйымдастыру барысында үй тұрғызу жоспарланған. Оны ұйымдастыруды атаның ұрпақтары міндетіне алды. Негізінде ауыл тұрғындары атаның басына жылда ас береді. Тасаттық жасайды. Биылғы ерекшелігі атаның ұрпағымен бірлесе отырып, астың берілуінде.

Мектеп қызметкерлері қыс айында Жамал апаймен бірге атаның айналасының, ішіне түскен қарларын аршып қояды. Себебі атаға түнекке қыс мезгілінде де адамдар келіп тұрады.

- Ізімғали қарт оқуы өте терең кісі болған деседі.  Менің қайын атам Елекен қарттың көзінің тірі кезінде түнекке талай кісіні апарып, сауаптарына қалғандығын өз көзіммен көргенмін. Бала болмай жүрген адамдар түнекке түнеп, балалы болған. Ал Үшана ауылында тұратын Темірхан Тастаев деген азаматтың балалы болып, той жасап, атамыз марқұмды алып кеткені есімде әлі күнге дейін Ишан атаның баласы деп атайды. Ізімғали қарттың өз ұрпағы Рахат ағайлар да атаға түнеп, балалы болды. Атам марқұм тасаттық жасағанда соңғы құран бағыштап оқығанда, дастарқан жинап үлгермей, жаңбырдың жауғанын талай көзімізбен көргенбіз. Үлкен кісілерден Тайпақ жақтан қалың өрт келіп, атаның аруағы қорғап, Төленге жақын келгенде сөніп қалды деп айтып отырғандарын да естігенмін.

Біздер, сол аталардың жасаған істерін жалғастыру біздің борышымыз деп ойлап, атаның үйін қамқорлыққа алғанбыз. Басына садақа жасап, Құран бағыштағанда оқушыларды да бірге апарамыз. Олар да көрсін білсін, болашақта біздің ісімізді жалғастырсын, еліне деген сүйіспеншілігі артып, адамдарды сыйлай білсін, иман жүзді болсын, ауыл тарихын жаттап өссін! - деген мақсат қой. Мен сөзімді тастамамай, қолдау көрсетіп, ізгі іс тындырған ауыл азаматтары Жомартов Мұхамбетжан, ауылнай Баянғожин Бауыржан бастаған ауыл тұрғындарына рахмет айтамын. Әркезде ұйымшылдығымыз бұзылмай, берекелі ел болып, іргеміз сөгілмесін! – дейді Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Төлен ауылының тұрғыны, ұстаз Ләззат Қойтанбай.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале