30.11.2016, 19:13
Оқылды: 62

Шежінде модельді кітапхана ашылды

 ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шежін ауылдық модельдік кітапханасының ашылу салтанаты өтті.

Жиынға Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Роза Исатаева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Звайда Өтешова, аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева және ауыл тұрғындары қатысты.

- Адам баласы кітап оқымай, тек қана ғаламтор немесе теледидармен білімді бола алмайды. Сондықтан, ұрпағымыз күн сайын кітап оқып, үнемі ізденісте болу керек. Бүгінгі ашылып отырған модельді кітапхана мектеп пен ауыл тұрғындары үшін аса қажет рухани орда, -деді аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызы.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Роза Исатаева Шежін ауылдық кітапханасына модельді кітапхана статусы берілгендігі туралы сертификатты ауылдық округ әкімі Талғат Шакировқа табыс етті.

- Модельді кітапхана дегеніміз – материалдық базасы нығайтылған, іші заманауи жиһаздармен, қажетті техникамен жабдықталған кітапхана. Оның қоры оқырмандардың сұранысына сай жинақталған. Шежін ауылында осындай мереке боп жатырғанына біз өте қуаныштымыз. Ашылған мәдениет ошағы халықтың игілігіне еңбек етсін,- деді құттықтау сөз сөйлеген Роза Жақияқызы:.

Лента қию рәсімінен соң қонақтар жаңадан ашылған кітапхананы аралап, ондағы бөлімдермен танысты. Ауыл тұрғындары атынан кітапхананың тұрақты оқырманы Елемес Жүсібалиев құттықтау сөз сөйледі. Жиын соңы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік концертке ұласып, ауыл тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлады.

Манас ӘЖІҒАЛИЕВ,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале