4.08.2017, 16:01
Оқылды: 170

Шоқайтерек жайлы аңызды білесіз бе?

Шыңғырлау ауданындағы Шоқтыбай - табиғаты көркем, сулы, нулы жер. Жасыл желек жамылған мекеннің ерекше көркі саналатын тал-терегі, биік ағаштарының көптігі де өзіне ғана тән. Електі жағалай өскен қалың ағаштың арасында алып бәйтерек көзге түседі. Алты адамның құшағы жетпейтін осынау ғажайып табиғат туындысының атауы да бөлек – Шоқайтерек. Енді осы туралы аңыздың сырына үңілсек...


Бағзы замандарда Електің бойында қонысы құтты, елі байқуатты жерде Шоқай деген батыр өмір сүріпті. Халқына қорған болған батырды халқы қадірлеп, сөзіне тоқтап, ерлігін мақтан тұтады екен. Шоқай батыр елді басқыншы жаудан қорғап, халқына тірек болып, абыроймен өмір сүріп жатады.

Күндердің күнінде ел шетіне жау келіп, кескілескен ұрыс болады. Ақтұлпарын мініп қастасқан жауымен шайқасу кезінде Шоқай қатты жараланады. Ет қызуымен жарасының ауырлығын байқамаған ол Ақтұлпарымен ауылға аттанып кетеді. Жолдастары басқа жолға түседі.  Жауды жеңген есіл ер қайтар жолда қатты әлсірегенін байқайды. Әрі қарай жүруі мүмкін болмағандықтан атынан түсіп, ағаш арасына кіреді. Сөйтеді де  әлі кеткен батыр бір жас шыбықтың жанына жантая кетеді. Ер қанаты болған Ақтұлпар Електен су әкеліп, қиналған иесінің бетіне шашып, қамқорлайды. Амал не, көп кешікпей Шоқай мәңгілікке көз жұмады. Арулап жерлеген иесінің басына Ақтұлпар күнбе-күн келіп, аузымен су бүркіп жүреді екен. Жылдар өте сол баяғы кішкентай шыбық алып бәйтерекке айналады.

Бойымен, барлық болмысымен басқа ағаштардан ерекшеленіп, көкке шаншылып өскен теректі жұрт «Шоқайдың терегі» деп атап кетеді. Басқа ағаштардан бөлектеніп ерекше көркімен танылатын ағаш бүгінде Електің жағасында өсіп тұр.

Жылдар ізін салғанмен, сырын ішіне бүккен алып бәйтерек тарихтың көзіндей болып алыстан мұнартады.

Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале