25.04.2018, 11:34
Оқылды: 48

Штаб шегірткелермен күреспек

 

Кеше Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің төрағалық етуімен Сырым ауданы бойынша шегіртке тұқымдас зиянкестермен күрес шараларын үйлестіру жөніндегі шұғыл әрекет штабының отырысы өтті. Отырысқа ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретденов, осы мекеменің өсімдіктерді қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы БҚО филиалының басшысы Алтай Алдабергенов және штаб мүшелері қатысты.

Сырым аудандық аумақтық инспекциясының 2018 жылы аудан көлемі бойынша жүргізген аса қауіпті зиянды организмдердің қоныстануына мониторингтік зерттеу жұмыстары көрсеткендей, аудан аумағында өңделуге жататын барлығы 10, 0 мың га жер көлемі анықталды. Аса қауіпті зиянды организмдер мен шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс-шараларды жүзеге асыру үшін ауданда қадамдық жоспар құрылды. Жоспармен аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Азамат Өтепов таныстырды.

- Шегірткемен күресте негізгі мақсат – зиянды жәндікті түбегейлі жойып жіберу емес, оларды белгілі бір деңгейге азайту. Ұшып-қонып жүрген зиянкестердің орынын анықтау оңай емес. Шегірткелер дәнді және майлы дақылдарды, көкөністерді, ең қиыны жайылымдар мен шабындықтарды зақымдайды, - дейді зиянкестер туралы республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Сырым аудандық филиалының басшысы, штаб мүшесі Марат Тоқтаров.

Қазіргі күні аудандағы мамандар зиянкестермен «ашық айқасқа» шығуға дайын отыр. Бұл жұмыста округ әкімдерінен де әріптестік таныту сұралуда. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жоспарды құр қағаздың бетінде қалдырмай, іс жүзінде мұқият орындауды тапсырды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале