24.01.2018, 11:22
Оқылды: 27

Шыңғырлау ауданында хоккей алаңы жұмыс жасауда

 

Шыңғырлау ауданындағы Белогор ауылдық округінде биылғы жылы жақсы істердің көп болуы көңілді қуантады. Шыңғырлау өзеніне көпір салынып, көптен бергі өзекті болып келген мәселесі шешілген ауыл тұрғындарының жанын жадыратар тағы бір жақсылық жарқ ете қалды.

Бұнда «Ақтау» хоккей спорт алаңы салынып, іске қосылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған туған жерді түлетуге арналған бұл істі ауыл азаматтары абыроймен орындап шықты.

Мектептің жас маманы Нұрлыхан Бекежан  - бағдарлама бойынша ауылға келген жас, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ақтау жеріне көшіп келіп, еңбек етіп жүрген азамат өткен жылдары мектеп жанындағы спорт алаңын әдемі жасақтаған болатын. Биыл бастама көтеріп, хоккей алаңын салуға ұсыныс жасапты.

Ауылдық округ әкімі Р.Еслямовтың қолдауымен басталған игі шараны «Ақтау» ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты Ержан Рамазанов қолдады. Өзі оқыған мектеп жанынан салынған алаңға Ержан Рамазанұлы 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлді. Нәтижесінде көлемі 40х20 шаршы метрді құрайтын сапалы алаң даяр болды.

«Ақтау хоккей спорт алаңы» аталған мұзайдын құрылысына ауыл тұрғындары белсене ат салысты. Еркін Айманғалиев, Тельман Құсайынов, Руслан Әжіғалиев, Тілекжан Оразов сияқты азаматтардың уақытпай санаспай еткен еңбектері мен төккен тері қандай алғысқа да лайық. «Берсең, балаға бер» дейді халқымыз. Мұз айдынына су жіберіп тегістеу де оңай шаруа емес. Осы тұста үлкен іске қолдау танытқан Шыңғырлау аудандық коммуналдық мекемесінің (басшысы М.Ирмекбаев) көмегін де атап өту орынды.

Мұз айдынға кешкі мезгілде жағып қоятын үлкен электр шамдары болса, мектеп жаңадан конькилер алып берсе, киінетін орын болса деген ой келді. Бұл, әрине, болашақтың ісі. Ақтаулық балалар оның да шешілетініне сенімді.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале