19.04.2018, 14:02
Оқылды: 23

«Шыңғырлау барысы-2018» анықталды

Шыңғырлауда «Шыңғырлау барысы» жарысы өтті.

Спорт ардагері, белгілі палуан Әскербай Саматов кезінде Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев секілді баһадүр палуандармен бірге күрескенін айтып, естеліктермен бөліссе, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары С.Бәйтенова балуандарға ақ тілегін арнап, жеңістер тіледі. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы С.Сәмиев бата беріп, жарыстың басталар жолын ашты. Бас төреші Қайсар Құсайынов бастаған төрешілер орындарынан табылып, күрес басталып кетті.

Делебені қоздырып, көңіл көрігін қыздыратын белдесулер бірінен бірі өтеді. Тартысты өткен кездесулердегі әдіске айла сай болып күрестің сиқырлы әлемін көрерменге көрікті ете берді.  «Жартылай жеңіс», «таза жеңіс», «бүк ұпай» секілді күрес терминдері боз кілемдегі төреші Ә.Сарбалиевтің байыпты үнімен естіліп, жеңімпаздар іріктеле берді.

Бағы мен бабы келіскен палуандар финалдық белдесулерге де келіп жетті. Кілемде шыңғырлаулық Әділет Кабулов пен лубендік Ғарышбек Сайынов. Қос палуан да осыған дейінгі белдесулерді таза жеңіп, финалға таза еңбектерімен келгенін көрермен көрді. Басында Әділет қарсыласына әдістер көрсете бастады, қозғалуы да жеңіл, дайындық жақсы екені де байқалады. Алайда лубендік Ғарышбек те өзінің күрес жолында көптен жүрген тәжірибесін  шебер таныта білді. Әдемі жасалдған әдістен кейін жеңімпаз да анықталды.

Ғарышбек Сайынов – «Шыңғырлау барысы. ІІ орында Әділет Кабулов, үшінші орында ақтаулық Бейбіт Жұмаділов. Ғарышбекке биылғы жылы Ақсай қаласында мамырдың 5 жұлдызында өтетін «Қазақстан барысы» жарысының облыстық кезеңінде табыстар тілейміз.

«Шыңғырлау барысы» белбеуін иеленген палуан Лубен күрес мектебінің күштілігін тағы да дәлелдеді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздары мен сыйлықтар иеленді. Маңызды шараның жақсы өтуіне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімі (Ө. Бекениязов) пен Шыңғырлау спорт клубы (М. Бектияров) ерекше қызмет етіп, шараның шырайын арттыра білді.

Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале