20.01.2020, 15:34
Оқылды: 36

Шыңғырлауда 35 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек заңсыз берілген

Шыңғырлау ауданына келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Қонысбаева және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Д.Исқақова «Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері» тақырыбында жиын өткізді.

serpin (5)

Жиын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саян Баймұхановтың аудан көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алу бағытында атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасымен басталды.

Саян Қуанышұлының хабарлауынша ауданда өткен жылы 170 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №320 бұйрығына енгізілген өзгерістерге байланысты жүргізілген қайта санақ нәтижесінде 170 отбасының 35-і атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып, 4 млн. 144 мың теңгені мемлекетке кері қайтару керектігі анықталған. Бүгінгі таңда 1 млн. 34 мың теңге қаражат немесе 25 пайызы қайтарылған.

Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тишанқызы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы баяндай отырып, округ әкімдеріне әлеуметтік жәрдемқы тағайындауда нағыз мұқтаж отбасылардың алуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган өкілдеріне аз қамтылған санаттағы азаматтарды түрлі жұмысқа орналастыруды және жеке шаруашылығын дамытуға грант алуға қолдау көрсетіп, аз қамтылғандар санатынан шығару үшін жұмыстануға шақырды.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Ділдәш Салауатқызы заңнама саласындағы соңғы өзгерістерді баяндай келе, ауылдық округтерден келген мамандардың сұрақтарына жауап берді.

Аман Ізмұхан

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале