20.02.2018, 16:42
Оқылды: 72

Шыңғырлауда «Ғарекең жүрген жолдармен» тақырыбында кеш өтті

Жуырда Шыңғырлауда құлақтың құрышын әнмен суарып, әр көңілге рухани серпіліс берген шырайлы, шынайы рухани жаңғыру кеші өтті. Дәстүрлі өнердің балы мен қаймағын теріп, көрерменіне тосқан бұл кешті «Ғарекең жүрген жолдармен» тақырыбында Мұхит Мерәліұлының атындағы қоғамдық қор ұйымдастырды.

Аудан сахнасын әнге, көрермен көңілін күмбірлі күйге бөлеген шығармашыл топты Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов бастап келді. Сондай-ақ өнерпаздар құрамында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, облыстық филармонияның әншісі, классикалық әндерді орындаудың шебері, ел ішінде «Батыстың Магомаевы» атанған Айбар Хайырханов, жас та болса ел сүйіспеншілігіне бөленген, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов, киелі сахнаның жас саңлағы Райымбек Ғабиденов және дәулескер домбырашы Берік Шаймарданов болды.

Ән төгілген әдемі кеш Айбар салған «Ақбақай» әнімен бастау алып, өзге халықтар шығармашылғынан да әндер шырқалды, одан әрі сахнадан ән оздырған Сағадаттың сырлы әндері домбыра күмбіріне астаса аспандады.

Бүгінгінің аңыз адамына айналған Ғарифолла Құрманғалиевтің өз алдынан дәріс алып, сол Ғарекең мектебін 1985 жылы бітіріп, бүгінде өзі де белгілі өнерпазға айналған, асылдың көзі, өрнектің бізіндей әншінің орындауындағы Т.Досымовтың «Аманғалидың монологі», Ғарекеңнің «Сері жігіті», «Сөз басы», Е.Жақыпбековтың сөзіне жазылған Ж.Омаровтың әні «Біздің елдің жігіттері»әндерімен қатар, өзі осы Шыңғырлау төңірегінде туып-өскен, екі ағасымен (Ержан, Нұржан)бірге үш болыс елді билеген Дәуке Шолақұлының «Жас дәурен» әні шырқалды.

Батыс әндерінің шежіресін ешбір тарихшыдан төмен білмейтін Сағадат ағамыздан заманында Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына қатысуды ұйымдастырған Қаратөбе өңірінің тумасы, Мұхамеджан Сарғожин сол тойға Дәуке Шолақұлын алып барыпты. Сол тойда орысшасы аралас, бүгінде «16 қыз» деп айтылып жүрген әзіл әннің алғашқы нұсқасы дүниеге келгенін де естідік. (Ал, Мұхамеджан Сарғожинның ұлы, кадет корпусының түлегі болған Сабыр Сарғожин кейіннен Алаш Орда үкіметінің әскерін басқарған). Міне, сізге тарих, өмірін өзгелерде қайталанбайтын әнімен өрген халқымыздың өнер шежіресі. Рухани жаңғыру дегеніміз де осы ұмытылып бара жатқанымызды қайта жаңғырту, бүгінгі уақытқа икемдеп, қайта жаңарту деп түсінгеніміз абзал.

Сағадат Рахметжанов мұндай жақсы өнер кешін көршілес Ресей еліндегі қандастарымызға да тамаша тарту етпекші, ол осы мақсатта алдағы айларда Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Волгоград, Самара және Омбы облыстарына барып келудің жоспарланып қойылғанын айтып отыр. Бұл тұрғыда көптен тығыз байланыста жұмыс жасап келе жатқан «Ақжол» Ресей қазақтары орталығымен келісімнің бар екені де айтылды.

Ән аспандап, күй күмбірлеген кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Ержан Тұрмағамбетов келген өнер ұжымына аудан халқы мен аудан әкімі Альберт Есалиевтің атынан алғыс хат тапсырып, өнер жолында сәттіліктер тіледі.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале