13.06.2019, 19:03
Оқылды: 517

Шыңғырлауда «Көне Сегізсай» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды

Шыңғырлау ауданындағы Есен-Амантау үстіртінде 350-ге тарта қорғаны бар. Өткен ғасырдың 66-шы жылдарынан бері зерттеулер жүргізіліп келе жатқаны бұған дейін де айтылды. Осы аралықта 150-ден аса қорған қазылып археолог, антрополог, тарихшы пайымынан өтті.  Әлі де зерттелетін түрлі қорғандар бар.

 segizsai (1)

Осы мақсатта Шыңғырлау ауданында Ресей және Қазақстан археолог, антрополог және тарихшы ғалымдарының қатысуымен «Көне Сегізсай» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Сегізсай аймағындағы Сақ-Сармат дәуірлерінен сақталған көптеген қорғанның, обаларды зерттеген экспедициялар жұмыстарының нәтижелері, сол дәуірлердегі халықтардың қоныстану үрдісі, табылған қорғандардағы антропологиялық зерттеу тұрғысында бірқатар мағлұмат берген шара аудан тарихына тың деректер қосты.

Бұған әр жылдары Көне Сегізсай қорғандарынан табылған жәдігерлермен жұмыс жасаған археолог, антрополог және тарихшы ғалымдардың келуі себеп болды.

segizsai (7)

Симпозиумға Мәскеу қаласынан тарих ғылымдарының докторы А.С.Балахванцев, тарих ғылымдарының кандидаты Е.П.Китов, Самара қаласынан тарих ғылымдарының докторы  А.А.Хохлов пен В.Н.Мышкин, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Б.Жұмабаев, БҚО тарих және археология орталығының директоры Ж.Сафуллин, аға ғылыми қызметкері Я.Лұқпанова, БҚО тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Т.Жүсіпқалиев, тарих ғылымдарының магистрі А.Құрымбаев келді.

Олар өз зерттеулері, одан шыққан нәтижелері туралы пленарлық жиында баяндама оқып, жергілікті тұрғындармен бөлісті.

Облыстық музейде тұрған Сегізсай қорғандырынан табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылып, көрмені тамашалаушыларға мол мағлұмат берілді.

Пленарлық жиын барысында әлемдік үрдіске сәйкес ерте дәуірдің ескерткіштерін және құлпытастарды жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени мұралар тізіміне қосу, Елекшар, Сегізсай сынды бірегей ескерткіштерге мемлекеттік мекемелердің (прокуратура, БАҚ) назарын аудару, жер телімдерін бөлу кезінде тарихи-және мәдени мұраларды сақтау және қорғау мәселесінде бақылауды күшейту, апатты жағдайдағы ескерткіштерді зерттеуге қаржылар  табу мәселесі көтерілді. Сегізсай кешенінен табылған археологиялық жәдігерлерді жүйелендіру, өңдеу Сегізсай кешені жәдігерлері каталогын шығару керектігі айтылды. Лебедевка-Сегізсай қорғандар кешені ескерткіштерінің бірегейлігін ескере отырып, үш жылда бір рет тақырыптық симпозиум өткізіп, ғылыми симпозиумның материалдарын Д.В.Марыксин және Я.А.Лұқпанованың өңдеуімен мақалалар жинағы етіп шығару туралы резолюция қабылданды.

segizsai (5)

Түс қайта симпозиум жұмысы далалық семинарға ұласты. Ғалымдар тобы Елекшар қорымындағы құлпытастармен танысып, «Хасен хазірет» мешітінде болды. Обаларды аралап, обалардың орналасуы, геометриялық пішіні бойынша пайым-пікірлерін ортаға салды.

segizsai (6)

Бұдан әрі Сегізсай қорғандар кешеніне барып, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменовтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысымен танысты.

segizsai (3)

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале