14.06.2018, 12:36
Оқылды: 34

Шыңғырлаудағы шаруашылық күн мен желден қуат алып отыр

AE3I0516Шыңғырлау ауданына сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Ащысай ауылдық округіндегі «Ғайни» шаруа қожалығының да тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл қожалықтың құс фермасында қазір 2500 қаз, 2000-дай үйрек, 2000-дай бройлер өсірілуде. Қожалық басшысы Жасқайрат Айсиев болашақта құс санын 8 мыңға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.


IMG_9061

– Мың балапан сатып алуға 1 млн. теңге қаражат жұмсалды. Екі айдан астам уақыт бағып, саттыққа шығарамын. Үйрек-қаздың балапанының бағасы 1000 теңге, үлкені 4-5 мың теңге. Жұмыртқаға да сұраныс бар. Таза суы, дәрумендермен байытылған жемі болса, ветеринарлық талаптар қатаң сақталса, өсімі де жақсы болады. Құс өсіру аса көп шығынды қажет етпейді, – дейді кәсіпкер.

AE3I0469(1)Облыс әкімі кәсіпкердің жел және күн сәулесінен қуат алатын заманауи қондырғысын арнайы барып қарады. Қуаты 7 киловатт гибридтік қондырғы қыстақтағы үй-жай мен қораны электр жарығымен қуаттандырып отыр. «Тоңазытқыш пен теледидарды, күнделікті тұрмысқа қажет электр құрылғының бәріне қуаты толық жетеді», – дейді Жасқайрат Ғайниұлы.

Шаруашылық басында облыс әкімі несібесін атакәсіптен тауып отырған бір топ жергілікті кәсіпкермен кездесті. Аудан әкімі Альберт Есәлиев сөздің реті келгенде кәсіпкерлердің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға жұмыла үн қосып, меценаттықпен айналысып, ауыл-елге жанашырлық танытып жүргендігін айта кетті.

AE3I0602– Шыңғырлау ауданының етті ірі қараны өсіруге әлеуеті өте жоғары. Жері құнарлы, суы балдай, шөбі бітік. Шаруашылықта жылқы өсіріп, бордақылаймыз. 550 орындық бордақылау алаңы, үлкен мұздатқышпен жабдықталған мал сою бекеті бар. Біз үшін Ресейдің нарығы қызық емес, өйткені еттің бағасы бірдей. Біздің облысқа көршілес Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының нарығы өте тиімді әрі қолайлы. Қымыз, шұбат өндірісін қолға алуды да көздеп отырмыз, – дейді «Ақан» шаруа қожалығының басшысы Болат Жүгінісов.

– Ең шалғай Ақсуат ауылында мал шаруашылығымен айналысамын. 30 шақты үй бар ауылымызға табиғи газ кірді, су құбыры тартылды. Енді ауылдан тас жолға дейінгі аралыққа қатқыл табанды жол салынса деген тілегіміз бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие алып, ағайынның басын қосып, екі шаруа қожалығын құрдық. Қазақтың ақ бас тұқымды ірі қарасын өсіреміз. Қазір 400 басқа жеткіздік. Аналық басқа берілетін субсидияны алуға құжат тапсырып қойдық, – деген «Бауырым» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Алмағанбетов жерлесінің өз кәсібін дөңгелентіп отырғанын көргеннен кейін құс өсіруге деген қызығушылық пайда болғанын айтты. «Шыңғырлаудың табиғаты бай, шөбі шүйгін, іргемізде бұлақ ағып жатыр. Құс өсіру көп шығынды қажет етпейді екен. Оның үстіне құс етіне сұраныс та мол екен», – дейді таңданысын жасыра алмаған кәсіпкер.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале