20.02.2018, 17:13
Оқылды: 25

Шыңғырлаулық Алпамыс додада тағы топ жарды

Жуырда гір тасын көтеруде облыстық ірі чемпионатта талаптан да биік нәтиже көрсетіп, «Спорт шеберіне үміткер» дәрежесінің нормативтік талаптарын асыра орындаған 16 жасар спортшы Алпамыс Тажекешов туралы сүйінші мақала жариялаған едік.

Осы жарыстағы үздік көрсеткішімен осы спорт түрінен Керекуде (Павлодар) өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алғандығын да жеткізген едік. Жас спортшының бапкері Жұбаныш Түймешов шәкіртінен жақсы нәтиже күтетінін жеткізген болатын. Енді, міне, тағы бір сүйінші хабар көп күттірмеді. Ақпанның 14-17 күндері аралығында Павлодарда өткен ел чемпионатында «Ұзын цикльды көтеру» түрі бойынша 63 келі салмақ дәрежесінде біздің жерлесіміз Алпамыс жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Еліміздің түкпір-түкпіріне жиналған жүздеген спортшылардан дара шығып, алдыңғы қатардан көрінген жерлесіміз енді осы спорттың облысымызда 23-24 ақпанда өтетін жұлқа және серпе көтеру деп аталатын екі түрінен тағы да бәсекеге түседі. Мұндағы жеңіс жерлесімізге Азия, Еуропа және әлемдік ареналарға жолдама бермек.

Ер намысы мен елдік мәртебені аса жоғары ұстайтын Жұбаныш Түймешов бұл жеңістің шәкіртін қамшылай түсетінін айтады. «Намыс бар жерде- жеңіс бар» деген ұранды жаттығудың өзегіне айналдырған жаттықтырушы шәкірттеріне тек спорттық қана емес, азаматтық, адамгершілік, ата-анаға, ауылыңа құрмет деген құндылықтармен қатар баулитынын айтып өтті.

-«Ерім» деп тебіренер ел барда, «елім» дейтін ұлдар болады. Биік намыс пен үздіксіз еңбек өз нәтижесін қалайда береді, Шәкіртті тек спортшы ғана емес, нағыз ел азаматы, патриот етіп өсіру барлық ұстаздың, оның ішінде біздердің, яғни, жаттықтырушы- бапкерлердің де киелі міндеті. Менің шәкірттерім бүгінде жақсы спортшы болып жетіліп келеді, нәтижелер де көрсетіп жатыр, сонымен қатар, барлығы да кішіпейіл, еңбекқор және тәртіпті. Бұл спортта аса құнды қабілеттер. Сәтін салса, ұстазымыз Мақсот Юсупов белін бекітіп, туын көтерген Шыңғырлаудың гір спорты әлемдік ареналарда да өнер көрсететін болады деп сенемін,- дейді жаттықтырушы Жұбаныш Түймешов.

Спорт - елдің мерейі, ердің еңбегі. Мұны тағы бір мәрте дәлелдеген спортшыларымызға әрқашан жеңісті сәттер тілейміз!

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале