6.08.2020, 11:29
Оқылды: 70

Шыңғырлаулық малшылар асыл тұқымды мал басын көбейтуге ден қойып отыр

Шыңғырлаудың табиғаты мал шаруашылығына өте қолайлы. Содан да болар ауданымыздың экономикасына елеулі үлес қосатын, әлеуметтік жағдайға да тікелей оң әсері бар шаруашылық құрылымдары жетерлік, олардың саны жыл сайын арта түсуде. Себебі мал өсірушіге бізде барлық жағдай бар. Сонымен қатар мал баққанға Үкімет тарапынан берілетін көмек те зор. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 4 шаруа қожалық мал басын асылдандыру және оны көбейту мақсатында 294 млн. теңге көлемінде несиелендірілген болатын.

618BA13E-120B-421C-A53B-6C217D358EF9

Нәтижесінде, осы қаражатқа 734 бас асыл тұқымды мал сатып алынып, олар бүгінгі таңда дала төсінде жайылымда жүр.

 Жалпы, аудан көлемінде малмен айналысушы шаруашылықтар ішінде асыл тұқымды ірі қараны асылдандырумен 10 шаруашылық нақты түрде айналысып келеді. Әрине, бұл істің қиындығы да жоқ емес. Бұрынғыдай мал мамандары, селекционер деген бүгінде қат. Малды қарап, күтіп, көбейту өз алдына, оның есеп-қисабы, асыл тұқымды мал болған соң оның өзіндік бір ережелері тағы бар. Ветеринарлық қадағалау, екпелерін де уақтылы орындап отыруы қажет.

  «Шаруашылықтарда бүгінде жалпы саны 2146 бас асыл тұқымды ірі қара өсірілуде. Оның ішінде, әрине, қазақтың ақбас тұқымы да бар, табиғатынан өсімтал мал, олар бізде 1722-ні құрайды. Ал шет жерден алынған абердин-ангус тұқымы аудан бойынша 424», - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Анар Абдуғалиева.

Мал басын асылдандырумен ұзақ жыл айналысушылардың бірі - Ақшат ауылдық округіндегі «Байкатов Ж.Е» шаруа қожалығы. Тұқымдық мал өсіргені үшін Үкіметтің берер субсидиясынан да құралақан емес. Шаруашылық малшылары биылдың өзінде 121 асыл тұқымды ірі қарадан 121 бұзау алған. Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара өсіруді алдына мақсат қылған шаруа жандардың бұл қолынан келгенін байқаймыз.

                                                                  А.Муса,

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале