22.04.2020, 12:26
Оқылды: 50

Шыңғырлаулық өнерпаздың онлайн ән кеші

Ауданымыздың өнерпаздары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен алынып отырған шаралар барысында да қолдарын қусырып, қарап отырған жоқ.

49617A6D-0782-4763-ABAD-81587087DE13

Олар да өз беттерімен ізденіп, үйде отырған ауылдастарына рухани қолдау көрсету мақсатында ізденіс үстінде жүр. Осындай мақсаттағы игі шараның бірі жуырда Instagram, Facebook желісінде онлайн түрде өткен Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, Сұлтанғалиевтар жанұялық ансамблінің жетекшісі Сансызбай Сұлтанғалиевтің шығармашылығына арналған «Туған жерім Шыңғырлауым» атты дәстүрлі ән кеші. Желіде өтсе де жерлестеріне керемет көңіл күй сыйлаған онлайн концерт көптің көңілінен ерекше орын алды. Туған жерін әсем әнмен тербеп, тыңдармандарын есті әуенге еліткен Сансызбай Сұлтанғалиевпен бірге өзінің өнердегі әріптестері баян аспабында Бақытжан Казенов, домбырада Құлсары қаласының тумасы Орынбек Байжанов сүйемелдеп, мазмұнды кештің шырайын одан сайын аша түскендей болды. Кеш барысында елімізге белгілі композиторлардың туған жер, ауылға деген сағыныш, махаббат тақырыбындағы әндері шырқалса, сонымен қатарижелідегі тыңдармандардың сұрауы бойынша кеш иесінің репертуарынан ойып тұрып орын алған Ұзақбай Сұлтанғалиевтің «Торатбас» термесі, Донеділ Қажымовтың «Ақжайық - ару мекенім», Аблайхан Оспановтың «Елге сапар» атты әндері орындалды. Сансызбайдың әнін сағынған көзі қарақты көрермен желіде өздерінің пікірін, ақжарма тілегін білдіріп, қолдап-қолпаштап отырды.

Айта кетейік, онлайн концерт кезінде Instagram парақшасында елу, Facebook-те жүз жетпіске жуық көрермен тамашалап, мазмұнды һәм мәнді кештің куәсі болды. 

Өзін-өзі қамшылап, үнемі тың бастамаларымен көрінуге тырысып жүретін өнер иелері қандай жағдайда да тығырықтан жол таба білері сөзсіз. Сансызбайдың ауылдастарына арналған онлайн өнер кеші өзгелерге де тың серпіліс береді деп ойлаймыз.

 Самат Байболат

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале