23.04.2018, 15:27
Оқылды: 32

Шыңғырлаулықтар 2000 түп көшет отырғызды

Шыңғырлау ауданында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында 2000 түп көшет ағаш отырғызылды.

Акция барысында шағын митинг ұйымдастырылып, шара мақсаты нақтыланып, аудан басшысы Альберт Есалиев акцияның бүгінгі табиғатымыз, ертеңгі ұрпағымыз, болашақ еліміз үшін маңызын атап өтті.

Елдік мүддеге үн қоса келген барша ауылдастарға алғысын білдіріп, ортақ іске сәт тіледі. Осы лептегі лебізін ғұмырындағы барша еңбек жылдарын орман шаруашылығы саласына арнаған ауданымыздың қариясы Боран Төлембаев та арнап, игілікті істің жалғасты болуына тілек білдірді.

Ауа райының жаңбырлы ызғарына қарамастан көңілді қарбаласпен іске кіріскен қалың ел қырат баурайын лезде қалың көшетке толтырды. Жергілікті округ әкімшілігі тарапынан 2000 шұңқыр қазылып, көлікпен қарағаш, терек, аққайың, қарақат, қасқыржеміс көшеттері келтіріліп қойылған екен. Көп жабылса көктегіні алады деген, қапелімде көп көшет егіліп, бірден суарылып, мақсатты жұмысы орындалып қалды. Барлық мекеме аса белсенді қимыл танытты, әсіресе, орталықтандырылған кітапхана, аудандық аурухана, мәдениет және «Болашақ» бөбекжайы ұжымдары адамдарының көптігімен де, белсенді іс-қимылымен де көзге түсті.

Ауданымыздың ардагерлері де елдік шарадан қалыс қалмады. Бірде қолына күрек алып, көшет отырғызған, бірде жас өскінді ұстап, жастарға жол көрсеткен Андрей Иосифовичті, Бақытжан Сапарұлын, Боран Төлембайұлы және Сабыр Сәмиұлы аталарымызды да көзіміз шалды. Бұлардың қатарында аудан әкімі Альберт Темірболатұлы да болды.

Жалпы биыл ауданымызда 5000 көшет егілуі жоспарланған, оның 4000-ы аудан орталығына тиесілі. Қазіргі таңда аудан орталығының көшелеріне көшеттер көптеп отырғызылып жатыр. Аудан басшылығы көшеттердің қолдағы төрт түлік малдың «шабуылынан» қорғаудың шараларын жасап келеді. Қазір малдың түгелге жуығы жазғы жайылымға, далалыққа жіберілуі қалыптастырылған. Дегенмен, қолдағы аз-мұз сауын малға иелерінің аса сақ болуы қажеттігі де қайта-қайта тәптіштелуде. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды жерлестер, көшенің көркі көк желек пен көп еңбек, оны малдың азығына айналдырудан сақтанайық, ағайын!

Осылайша, қарты мен жасы, басшысы мен бағыныштысы бөлінбей, тең қимылдап, шадыман көңіл, шуақты ниетпен бірлесе қарбаласқан әдемі сәт болды бұл. «Ынтымақты елге бақ тұрар» деген екен бабаларымыз, ынтымағымыз- ырыс, көшіміз дұрыс болсын дедік іштей...!

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале