4.12.2019, 19:00
Оқылды: 89

Сирияда жоғалған ұл

Елімізде соңғы жылдары Сирияға барып, сергелдеңге түскендер қаншама?! Жиған-тергендерін артынып-тартынып, қалайда бала-шағаларымен Шамға жетуді мақсат тұтқандардың армандары алдағанын, өмірлері жұмаққа емес, керісінше, тозаққа айналып, күл-талқан болғанын естіп жүрміз. Туған жерлерін менсінбей, жақын-жуық, көрші-қолаңның бәрін "кәпірге" теңегендер қазір мүлдем басқаша "сайрайды". Өздері аңсаған "Ислам мемлекетінің" Ислам дінінің атын жамылып, шариғатқа қайшы тірлікпен айналысып жүргенін көрген соң, өкініп, бармақ тістегеннен не пайда? Теректі ауданынан да Сирияға кеткендер жоқ емес (көбеймесін деп тілейміз). Олардың жанұяларымен теолог мамандар мен имамдар арнайы жұмыстануда. Бір қуантатыны қазіргі таңда аудан бойынша діни ахуал тұрақты.

 terekti din

Оның ұлының жолына қарап, екі көзі төрт болып күткеніне биыл төртінші жыл. Бар тәттіні қолына ұстатып, бетінен қақпай, еркелетіп өсірген кенжесінің ешкімге айтпастан бір түннің ішінде "жұмақ" іздеп кететінін кім білген? Шаған ауылдық округіне барған сайын Зәуреш (кейіпкерлердің есімдері өзгертілді) апайды көремін. Өңі жүдеу, құр сүлдері қалған. Қан қысымы тұрақсыз. Қызымен бірге тұрады. Өзінің төрт баласы болса да, Айжан анасының асты-үстіне түсіп, күтімін жасап отыр. Соңғы кездескенімізде анасының жағдайының нашарлап бара жатқанын айтып, көз жасын сығып алды.

«Құлыным, анасын, балаларын сағынған шығар. Қашан келеді екен? Менің әр сағат сайын өзін ойлайтынымды біле ме екен? Сирияға неге кетті десеңізші? Оқ пен оттың арасында қалай өмір сүріп жүр екен?» Бұл анасы Зәурештің күнде айтатын сөзі.

- Анамның денсаулығына алаңдап, жұмысқа шыға алмай отырмын. Жатса-тұрса, ойлайтыны - Қайрат. Бірінші тоқсан аяқталғанда, келініміз үш баланы демалысқа әкелді. Қайраттың өзі келгендей, сондағы қуанғанын көрсең ғой. Бір апта болса да, немерелерін көріп, сағынышын, мауқын басты. Олар кеткен соң, қайта сол баяғы қалпына түседі. Осы ауылда екі қызың тұрады, соларға қыдырып барсаңшы деймін. Ешқайда шықпайды. "Ешкімді көруге зауқым жоқ" дей береді. Той-томалақ, қонақтық дегенді ұмытқалы қашан? - дейді Айжан бізбен әңгімесінде.

Айжанның інісі Қайрат осыдан төрт жыл бұрын Сирияға кеткендердің тізімінде... Тура бір жыл болғанда, қайғылы хабар жетті. Әсіресе, артында үш баламен қалған әйеліне қиын болды. Намазын оқып, жұмысын істеп жүрген күйеуінің не ойлағаны барын ол қайдан білсін. Ал анасының жағдайын ойлаған Айжан інісінің өлімін жасырып бақты. Өз көзімен көрмеген соң, айтуға жүрегі де дауламады. Айжанның өзі де інісінен намаз үйренген-ді. Оған да бәрі шүйлікті. "Жанында жүріп, ой-жоспарын білмеулерің мүмкін емес. Жасырып отырсыңдар", - деді. Тексерістің түр-түрінен өтті. Осылай күн артынан күн, ай артынан ай жылжып өте берді. "Тірі адам тіршілігін жасайды" демекші, Қайраттың әйелі екінші рет тұрмыс құрды. Балаларын демалыс сайын әжесіне әкеліп тұрады. Басында бірнеше жыл бірге тұрғасын ба, жиі келетін. Қазір сиреткен. Баласының мәңгілік сапарға аттанғанын білмесе де, ана жүрегі бір жамандықты сезетін сияқты. Кей күндері "Ең болмағанда дұрыстап көмілді ме екен? Ит-құсқа жем болмаса игі", - деп күбірлейтін болған. Осының бәрін өз көзімен көріп отырған Айжанның да жүрегі ауырады. Амал қанша?

- Інімнің осындай ақымақтық жасағанына налимын. Келініміз де жақсы еді. Осы үйде бәріміз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Ақылды тентек еді. Бір нәрсе жасамас бұрын бірнеше рет ой елегінен өткізетін. Өте қарапайым, жомарт, елгезек-ті. Әкемізден ерте айырылдық. Анам кенжесінен көп үміт күтті. Сабақты жақсы оқыды. Жоғары білімді де алды. Өз ортасында сыйлы адам осындай қадамға барады десе, сенбес едім. Оның кетіп қалғанын естігенде, ұзақ уақыт өз-өзімізге келе алмай жүрдік. Жұрттың бәрі біз туралы айтып жатты. Ол күндер де өтті ғой.., - деп Айжан өткенді еске алды.

 Иә, Құдай бізге таңдау жасау еркін берген. Өмірде жеген опығыңа, сүрінгеніңе тек қана өзің кінәлісің. Басқа біреуді жазғыру орынсыз. Әрі бабаларымыз "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деп бекер айтпаған. Осыны біздің замандастарымыз терең түсіне білсе ғой, шіркін!

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале