11.12.2019, 17:10
Оқылды: 90

Соналыда атқа міну мәдениеті дәріптелді

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптеуге үндейді. Яғни, құр тарихи деректер емес, жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғады. 

 qaratobe (1)

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Қаратөбе ауданы Соналы мектебінде тәрбие орталығының ұйымдастыруымен «Атқа міну мәдениеті» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Шараға аталған мектептің ұл балаларынан барлығы 20 оқушы қатысты. Шеберлік сағатына ауыл тұрғыны, атбегі Айса ағамыздың ұлы Мұратбек Табылдиев шақырылды.

Шараның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрді жаңғырту, атқа міну мәдениетін қалыптастыру болатын. Мұратбек Айсаұлы жылқы жануары туралы жалпы мәлімет беріп өтті. Жеті қазынаның бірі жылқының жас ерекшеліктеріне байланысты атаулары, жүріс түрлері, ат құралдары туралы оқушыларды таныстырды.

Шеберлік сағаты барысында қазақтың ерекше дәстүрі «Ашамайға отырғызу» салты бойынша 7 жасар Ерхан есімді баланы тұңғыш рет ат үстіне отырғызды. Өмірі жылқы малымен біте қайнасқан қазақтың бұл салты туралы деректер де сол жерде айтылды.

– Жалпы тарихқа үңілсек атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

Осындай танымдық сағаттар алдағы апталарда да жүргізілу жұмысы жолға қойылып отыр. Жыл соңына дейін «Тай жарысы», «Қамшы жасау» сияқты бағыттарда шеберлік сағаттары, сайыстар өткізіледі, - дейді Соналы мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Еркінғали Жұбанов.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале