29.07.2020, 12:38
Оқылды: 32

Спорт жауапсыздықты кешірмейді

Қазіргі таңда дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушы жастар қатары көбеюде. Спортшылармыз жыл сайын түрлі жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүр. Көп жастың таңдауы әлемдегі нөмірі бірінші спорт саналатын футболға түседі. Бәйтерек ауданы футболшылары қашан да өз биігінде болды. Бір кездері Бахыт Иргусаев, Алексей Салкин, Айдос Қарсақов сынды переметныйлық ойыншылар ауданның ғана емес, облыстың басты командасында өнер көрсеткенін көзі қарақты жанкүйер ұмытқан жоқ.

92C75011-916C-4735-AADD-97293665A296

Сол аға буын ойыншылардың ізін жалғап, ала допты жанына серік еткен жастар ауданымызда әлі де жетерлік. Солардың бірі «Бәйтерек» шағын футбол клубының ойыншысы, жас бапкер Асхат Мәжит.

1995 жылы Переметныйда туған ол ауылдағы орта мектептің түлегі. Айтуынша, футболмен алтыншы сыныптан бері айналысып келеді екен.

-Бала күнімнен өте ширақ әрі шап-шаң болдым. Осыны ескерсе керек, ата-анам мені футболға берді. Өзім сияқты ауылдың балаларымен бірге жаттықтым. Талай жарыстарға шықтық. Жеңістер де, жеңілістер де болды. Өзім спортты соның ішінде футболды таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені осы ойынның арқасында көп дос таптым,-дейді Асхат.

Александр Субботиндай білікті бапкердің қол астында аяқдоп әліппесін ашықан Асхат өсе келе Айдос Қарсақовтың қарамағына өтеді.

- Бапкерлеріме алғысым шексіз. Ол адамдардан үйренгенім көп болды, дағдыларымды шыңдап, спортшы ретінде қалыптасуыма көп септігін тигізді. Солардың арқасында кәсіби спортқа аяқ бастым,- дейді ол.

Бүгінде Асхат өңір намысын Қазақстан Республикасы чемпионатында қорғап жүрген «Бәйтерек» шағын футбол клубының ойыншысы. Қайрат, Аят, Жетісу, Каспий сияқты азулы командаларға қарсы ойындарда өзінің тамаша шеберлігімен көзге түсіп те үлгерді.

Батыс Қазақстан облысының намысын ел біріншілігінде қорғайтын «Бәйтерек» шағын футбол клубы құрылғанын естігенмен өзі сол команда ойыншысы боламын деп ойламағанын айтады Асхат. Клуб басшылығы үйіне келіп, келісімшарт ұсынған кезде қатты қауанған.

-Өңірдің үздік футзалшыларын жиған клуб ойыншысы болу - мен үшін мақтаныш. Ата-анам да қуанып жүр. Бірнеше ай ішінде ұжымға сіңісіп кеттім. Командаластарым бір-бірімен тату, өз ісінің мамандары. Сол татулықтың арқасында жарыстардан жүлдемен ораламыз деп ойлаймын. Бұл менің алғаш кәсіби келісімшартым болғандықтан өзімнің бар шеберлігімді көрсеткім келеді. Өйткені келер маусымда да команда сапында болсам деймін,-дейді футболшы.

Сондай-ақ Бәйтерек ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері қызметін атқаратын Асхат Қайроллаұлының қол астында үш балалар футбол командасы бар. Шәкірттеріне бар білгенін үйретіп, бірге жарыстарға барады. Осы кезге дейін талай бәсекенің көркін қыздырып, біраз жарыстың жеңімпаздары атанып үлгерген.

-Алда жоспарларым өте көп. Тағы да шыңдалып, футболшы ретінде өсуді көздеймін. Спорт жауапсыздықты кешірмейді. Соңғы жылдары ауданнан шыққан жалғыз кәсіпқой футболшы болған соң жерлестерімді бапкерлерім мен ата-анамды жерге қаратқым келмейді,- деді сұқбат барысында Асхат Қайроллаұлы.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастарды шабыттандырған футбол ойыны біздің ауданымызда да дамып, үйірмелер көбейіп, жасөспірімдердің шынығып жүргені қуанарлық жайт. Кез келген спорт – мәдениеттің бір бөлігі.

 Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале