24.10.2017, 11:54
Оқылды: 26

Жаңақалалық спортшылар топ жарып жүр

Жаңақала ауданы әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан намысын қорғап жүрген бір топ спортшыларды қабылдады.

Соның ішінде самбо күресінен Сербия елінде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып,  ауданның, облыстың ғана емес, бүкіл қазақ елінің атағын әлемге паш  еткен  жерлесіміз Бақыт Ерасыл Шерниязұлының  ерлігін жас буынға үлгі ете отырып, ерекше ризашылығын білдірді. Еліміздің көк туын өзге елде желбіреткен Ерасылға аудан әкімі алғыс хат пен естелік  сыйлық табыстасы, «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, алғашқы болып Ерасылдың күреске деген қызуғышылығын оятқан жаттықтырушыларының бірі Марат Есмағұловқа БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаеваның атынан алхыс хат табыстады.

Одан әрі жас болса да толағай табыстарға қол жеткізіп, бүгіннің өзінде спорт шеберіне үміткер атағына ие болып үлгірген ауданымыздың жас тоғызқұмалақшыларына  ақжарма тілегін айтып, жетістіктерін атап өтті. Мойындарында әр түрлі дәрежедегі медальдары сыңғырлаған тоғызқұмалақшылардың ең жасы 7 жаста болса, үлкендері 15 жаста ғана екен. Бұл жас спортшылардың арқасында ауданымыз екі жыл қатарынан тоғызқұмалақ спортынан «Үздік аудан» атанған болатын. Осындай жеңістерімен аудан намысын биік ұстап жүрген бүлдіршіндерде аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ  тоғызқұмалақшылардың жаттықтырушысы Қайрат Шаутенов пен шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген қазақ күресінің жаттықтырушысы Замир Батыровқа да БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаеваның алхыс хаты мен естелік сыйлық табыс етілді.

Жиынның соңында спортшыларды аға буын атынан аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали құттықтап, изгі тілеген арнаса, ата-аналар атынан сөз алған Орынай Сапарова  спортшылардға қолдау көрсетіп жатқан аудан басшылығына және қос ұлының жаттықтырушы Қ.Шаутеновке алғыс білдіре келе, спорт саласындағы түйткілді мәселелерді айтып, аудан басшысының қолдауын өтінді.

Жиын спортшылардың аудан әкімімен фотосуретке түсумен аяқталды.

 Н.САҒЫНҒАЛИ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале