12.03.2018, 16:42
Оқылды: 24

Спортшылармен кездесті

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында шаңғымен спорттық бағдарлаудан өткен ел біріншілігінде өңір құрамасы атынан қатысып, қоржынымызға 5 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде салған  жергілікті спортшыларды Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров қабылдады.

Бұрын соңды болмаған жетістікке қол жеткізген бағдарлаушыларға  ризашылығын білдірген Асхат Берлешұлы: -Спортшы болу әркімнің қолынан келеді. Жеңіске еңбектенгендер ғана жетеді. Ел біріншілігінен алған әр медаль ауданымыз үшін, жанкүйерлер үшін өте маңызды. Барлығыңа алдағы жарыстарда да осы биіктен түспей, бұдан да байрақты бәсекелерде еліміздің атын шығара беріңіздер деген тілегімді білдіремін,-деді. Одан кейін сөз алған спортшылардың бапкері Серік Хайруллин: - Бұл жетістік шәкірттерімді жігерлендіре түсті. Алда әлі талай жарыс болады. Енді спортшыларды халықаралық деңгейдегі жарыстарға шығарып, ол жақтағы жетістіктерімізбен қуантуға тырысамыз,-деп еңбегін елеп, қабылдаған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде спортшылар да аудан басшылығына бұл жетістік жергілікті спортшылардың  тырнақалды жеңістері болатынын айтып, барған жарыстарынан олжасыз оралмауға тырысатындығын жеткізді. Кездесу соңында барлық спортшыларға бағалы сыйлақтар табысталды. Сондай-ақ Ресейдің Красноярск қаласында өтетін бүкіләлемдік универсиядада ел намысын қорғайтын Наргиза Иргусаеваға мәдениет және спорт министрлігі сыйлаған шаңғыны тарту етілді.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале