9.08.2017, 15:27
Оқылды: 25

Судың соры сусорғыдан болып тұр

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Жосалы ауылдық округінің тұрғындарын округтің әкімі Қобыланды Ғабдешовты ауыл әкімдерінің сайлауының қорытындысына сәйкес лауазымына қайта тағайындау туралы өкімімен таныстырды. Қобыланды Ғабдешов Жосалы ауылдық округінің әкімі болып 2007 жылдан бері қызмет етеді.


Осы күні аудан басшысы Төлеген Төреғалиев Жосалы ауылдық округінің тұрғындары үшін кездесу өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – ауыз су мәселесі.

Ауыз судың мәселесінің кейінгі күндері ауыл тұрғындарының тынышын алып отырғаны рас. Осымен үшінші күн ауылдың 9 көшесінде орналасқан 10 бірдей ауыз су нүктесіне жарытып су келіп тұрған жоқ. Күннің қатты ысып кетуі де осы уақытқа дәл келді. Ыстық «қырықтың қырқасына» шығып тұрған кезде жергілікті жұрт сығырайған шүмектің басына шелек байлап отыруға мәжбүр. Бұл жағдай туралы «Сырым» МКҚК директоры Руслан Тасқалиев түсініктеме берді. Маманның айтуынша, ауыл шетіндегі таза ауыз су ұңғымасының басындағы сусорғының істен шығуы – жұртты жаңағыдай мәселеге тіреп отыр. Жаңа сусорғыны сатып алу айға жуық уақытты алады. Ал ауыл ай бойына ауыз сусыз әрине отыра алмайды. Жергілікті билік мәселені айға созбайтынын айтты. Жаңа сусорғы бірер аптаның ішінде қондырылады.

Негізі ауыз су мәселесі Жосалы ауылдық округі үшін алдағы уақытта түбегейлі шешіледі. Күні бүгін округтегі Қоңыр және Тамды ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуға дайындалып жатыр.

Округтегі кездесуде ауылды күре жолмен жалғайтын жолдың жөндеуіне жергілікті шикізатты пайдалану, мал ауруларын сақтану мәселелері де кеңінен айтылды.

 Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале