14.07.2017, 10:54
Оқылды: 21

Сүйем жері қастерлі Сарайшықта

 

Қазақтың дәл өзіндей кеңқолтық далиған даласының әр түкпірінде тылсымын әлі күнге бүгіп жатқан қаншама қойнаулары барын кім білсін?! Ұлы Дала Елінің бай тарихын бүгінгі ұрпаққа жеріне жеткізе таныстырып, бойларына бабалары үшін мақтаныш сезімін ұялата алу – біздің бүгінгі ең басты парызымыз.


Сан ғасырлық құпиясын бауырына басып шөгіп жатқан көне шаһардың орнында бүгінде ажары мен базары келіскен шағын ауыл орналасқан. Көне қаламен аттас ауылдың күнгей жақ шетінде алыстан айшықты көрінген сәулетті кешенге ат басын тіредік.

Хандар пантеоны, мұражай, мешіт ғимараттарын қамтитын кешен 1999 жылы салынып, пайдалануға берілген, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі арнайы келіп, ашылу салтанатына қатысқан болатын. «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорық кешенінің директоры, тарихшы ғалым Молдаш Бердімұратов ағамыз «Кеңес Одағы кезінде ауыл мектебінде қарапайым мұғалім болып жүрген кезімнен бастап, осы бір қазақ үшін қасиетті де киелі мекен бір күні жермен-жексен болып қалса, келер ұрпаққа көрсетер ұлы бір тарихтың бөлшегі танусыз қалады-ау деп едім. Осы ойдың жетегінде жүріп, өзімше жұмыстана бастадым. «Қайтесің соны! Саған ешкім құлақ аспайды бәрібір!»,-деген елдің сөзіне қарамастан, аяғым жететін жерге барып, сөзім жететін жерге дейін жаздым. Тіпті, сол үшін «ұлтшыл» атанып, түртпекке де ұшыраған кезім болған. Ақыры дегеніме жеттім. Бүгінде осы кешенге сіңірген азды-көпті еңбегім бар болса, ол үшін мен лайықты түрде мақтана аламын»,-деп тебірене сөз саптады.

Сарайшықта жеті ханның мүрдесі жатыр. Оның үшеуі – Алтын Орда, үшеуі – Ноғай Ордасы, біреуі – Қазақ хандығының ханы. ХІІ ғасырда Батудың немересі Мөңке Темірдің басшылығымен Ұлысудың (Жайық өзенінің сол кездегі атауы) қойнауына сұғындыра салынған қаланың шежіресіне қанықтық. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, керуен сарайлары жұмыс жасаған. Қыш күйдіру мен кірпіш зауыттары, ақша соғу сарайы болған. Егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған. Құдіретті еңбектің лебі еседі қасиетті топырақтан. Біздің назарымызды аударған тағы бір нәрсе – ХІІ-ХІІІ ғасырға құмыраға салынған тары болды. Сан ғасырдың бедерін бастан өткерсе де, күні кеше орылғандай тап-таза сақталған тарыға бабамыздың көзін көргендей елжірей қарадық.

Қаланың Сарайшық аталуына бірнеше болжамдар айтылады. Алтын Орда кезінде Кіші Сарай, яғни, екінші Сарай атанған десе, алыстан көрінетін мұнараларына алтыннан сары айшық орнатылып, содан осылай аталған деген де болжам бар.

Біз барған кезде ағылшындық тарихшы Симпсон Уайльд есімді азамат тәржімашыларымен бірге мұражайды аралап жүр екен. Демек, біздің тарих күллі әлемге танымал екен деп бір марқайып қалдық.

Иә, Сарайшық – біздің көне тарихымыздың ажырамас бір үлкен бөлшегі. Қарап тұрып, осы бір көне қаланың көшелерінде бабаларымыз ат дүбірлетіп жүргенін біліп, кеудеңді мақтаныш билейді. Сонымен қатар, күн санап жер бетінен өшіп бара жатқан қирандыларға қарап, жүрегіңе қимастық пен өкініш қатар ұялайды. Өзен арнасының өзгертуі салдарынан ежелгі іздің үлкен бөлігі су астында қалған. Дегенмен, жағалауды бетонмен шегендеп жатқанын көріп, көңіліміз жұбанып қалды.

Қайтып келеміз. Автобус іші жым-жырт, тып-тыныш. Әшейінде тыпыршып отыра алмайтын шәкірттерге дейін ордалы ойға батқандай. Мүмкін, ертең өскен соң, туған халқының тарихын түгендемекке іштей бекініп келе жатырған шығар, қиялдың тұлпарында бабаларының арманын алып жүйткіп келе жатырған шығар...

Болат ӨТЕШОВ,

өлкетанушы-мұғалім

Ақжайық ауданы

Алмалы ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале