3.10.2019, 11:56
Оқылды: 99

Сұлтандағы серпіліс – өрелі істерге арқау

Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округіне қарасты Көздіқара қыстағында орналасқан «Сұлтан» шаруа қожалығының иесі Әлижан Жүсіпов түлікті асылдандыруға қатысты айналасындағы қожалықтарға қашанда қолғабыс беріп келеді.

IMG_7015

Ол жыл сайын Жаңабұлақ ауылдық округі аумағындағы, басқа да аудандардағы шаруашылықтарға ақ бас аталықтарды саттыққа шығарады.

–Көбіне сатыққа аталықтарды шығарамыз. Ал аналықтардың мал басын көбейту үшін маңызы зор. Биыл лаборатоия салып, 1 млн. теңгеге қолдан ұрықтандыру құрылғысын орнаттық. Зеңгі баба тұқымын асылдандыруға ден қойғасын, елордадағы «Асыл түлік» республикалық орталығынан алынған дозалармен аналықтарды қолдан ұрықтандырудамыз. Сәтін салса, ұрықтанған 250 бас келер жылдың ақпан, наурыз айларында төл бере бастайды,-дейді Әлижан Сыдықжанұлы.

Оның еншісінде бүгінде 584 бас ірі қара бар. Оның 300-і аналық, 230-ы бұзау, қалғаны аталық малдар. Шаруашылық иесі болашақта да осы бағыттан таймай, асыл түлікті көбейтуді жоспарлап отыр. Жай көбейтіп қана қоймай, етті бағыттағы сапалы зеңгі баба тұқымын өсіре бермек. Сүтті сиырларды сатып алып, сүт өндіру ісі де ойында жүрген мәселе.

Ірі қарамен қатар Көздіқарадағылар асыл тұқымды жылқы өсіреді. 2014, 2015, 2016 жылдары Көшім жылқысын көптеп өсірген олардың қылқұйрықтары бүгінде 500 басқа жеткен. Ә.Жүсіпов былтырдан бері Мұғалжар жылқысын көбейтуде. Себебі қыстақ орналасқан жердің ауа райы осы тұқымдас жылқыларды өсіруге ыңғайлы. Ол үшін арнайы Ақтөбе облысына барып, осы тұқымды сатып алып келген. Алты ай қыстағы аяз бен боранға төзімді келетін жылқы тұқымы қалың қарда да тебіндеуге қиналмайды. Қыр төсінде 10 Көшім айғыры, 12 Мұғалжар айғыры 22 үйірді шашау шығармай, ұстап жүр.

«Сұлтанның» иелігінде 8 900 гектар жер бар. Шабындығы, жайылымы соның ішінде. Олар әлдеқашан мал азығын дайындап алған. Биыл шөп шығымы ойдағыдай болмаса да, 3 500 тайланған шөп жинаған. Оған техникасы да жеткілікті. «МТЗ-80», «МТЗ-82», «МТЗ-1221» маркалы тракторлары, Беларус елінен алып келген комбайны, шөп тайлағыш, орақтары бар.

Бітік су қоймасының маңында орналасқандықтан, мұндағылар судан көп қиналмайды. Құдықтары да жеткілікті. Қыстақтың аты айтып тұрғандай, Көздіқараның жерінде бірнеше бұлақ көзі бар.

Шаруасы ширап келе жатқан Әлижанның көмекшілері де жетерлік. Олардың бәріне заңға сәйкес келісімшарт бойынша жалақы төлеп, алдына мал салып берген. Малшыларға да жағдай керек. Осыны ойлаған шаруашылық жетекшісі қыстаққа заманауи бір үй, екі үлкен қора, жайлауға бір үй, екі қора салған. Электр қуаты қыстаққа барып тұр. Міне, шаруаға білек сыбана кіріскен жігіттің еңбегінің жемісі.

–Қай істе болмасын, адамға ең алдымен зор ынта керек. Соның арқасында жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мен өз кәсібімді бастауға осындай екпінмен келдім. Шаруашылықтың қыр-сырын білмеген уақыттарда «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев ағам бағыт-бағдар беріп, көп қолғабыс берді. Інілерін қатты сыйлайтын осындай азаматқа айтар алғысым зор. Сонымен қатар «Аманер», «Дөңгелек» шаруашылықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып тұрамыз,-дейді Әлижан Жүсіпов.

Бекболат Қаленов

суреттерді түсірген автор

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале