14.07.2017, 18:37
Оқылды: 68

Сулыкөлдіктердің өнері тамашаланды

Karatobe sulikol   Облыс орталығындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Ауылдан сәлем» жобасы аясында Қаратөбе ауданына қарасты Сулыкөл ауылдық округінің көркемөнерпаздарының «Ән салдырған - ауылым» атты концерттік бағдарламасы тамашаланды.


   Концерттік бағдарлама аясында округтің тыныс-тіршілігі, ауылдан шыққан дарынды ел перзенттері мен белгілі тұлғалардың елеулі еңбектері турасында бейнебаян көрсетілді.

   Сулыкөлдік өнерпаздардың концертін тамашалауға  Орал қаласының тұрғындарымен қатар қалада тұратын қаратөбелік жерлестеріміз де көптеп келіпті. Көрермендер залға лық толды.

   Сахна шымылдығы сулыкөлдік әнші Жақсат Сейілханұлының орындауындағы «Ассалаумағалейкум» әнімен ашылып, көрермен қауымға ауылдың ыстық сәлемін жеткізгендей әсер қалдырды.

   Сулыкөлдіктердің «Ән салдырған - ауылым» атты концерттік бағдарламасында Республикаға кеңінен танымал жерлес әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің қарындасы Салтанат Бақтығалиева сазгер әншінің «Айналдым елім», «Әдемі-ау» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

   Жас әнші Жақсат Амангерейдің орындауындағы  «Сәлем, Қазақстан!»,  халық әні «Әдемі қызды» және Аманхан Бақтыгереевтің «Дариға дәурен» әні, Берік Есімғалиевтің орындауындағы «Ерке сылқым» әндері көрермендер көңілінен шықты.

   Жас әншілер Жансәуле Тілектесқызы «Нұраға», «Мереке», Оразбек Мұстажап  «Қазақпыз бәріміз», «Қимай тұрмын» әндерін, әншілер А.Мұсағалиев «Жүрегім қазақты», Р.Дүзбатыров  «Отан - Ананы», Б.Дәріпова «Сенің ғана», Лиза Төреханқызы «Ауыл жатыр той жасап», И.Оразғалықова «Еркемін», «Аяулы анам», Мәди Аманжолұлы «Ауылға барам», Альбина Нүркенқызы «Тәуелсіз қазақ қызымын» әндерін шырқаса,  11 сынып оқушысы Гүлсезім Бекболатқызы ақын Сағынғали Сейітовтың «Қаратөбем» өлеңін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды.

    Сулыкөлдіктердің концерттік бағдарламасы Асқар Әшімнің «Қазақ елі» әнімен аяқталды.

   Қадыр Мырза Әли орталығы директорының орынбасары Рысқаным Мұқасқызы өнер ордасы Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылдық округінің көркемөнерпаздарына рақметін айтып, округ әкімі Берікқали Жақсылықұлына  алғыс хат табыс етті. Өз кезегінде сөз алған округ әкімі Берікқали Муса көрермендерге және орталық басшылығына, орталықтың шығармашылық ұжымына жылы лебізіндерін арнады.

                                                                                 Ерболат РАЙСОВ

                                                                               Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале