5.08.2020, 12:26
Оқылды: 89

Сұңқар-8: жаңғыртудан жаңа шапан киді

Жыл басында, анықтап айтсақ, газетіміздің 21 қаңтардағы 3 санында «Баспана бүтін болсын десек» деген тақырыппен Теректі ауданындағы апаттық үйлер жайында жазған болатынбыз.

6DEEF460-A998-4B80-859C-51DE21B95A0A

Жыл басында анықтағанымызда, Теректі ауданында ұзын саны 42 үй жаңғырту бағдарламасы бойынша шатыры, есік-терезесі жаңарып, жөндеуден өтуі тиіс екен. Соның тек 7уі ғана,  3-уі Федоров ауылынан, 2- уі Ақжайықта, Подстепный және Аңқаты ауылдарында 1 үйден жөндеуден өтіпті. Әрқайсының жөнделуіне шамамен 12-13 миллион теңге жұмсалған.

Дәл қазір Федоров ауылындағы су жаңа шатыр жамылып, қабырға, кіреберісі жөнделіп жатқан Сұңқар көшесіндегі 8-ші үй – жаңғырту бағдарламасына іліккен сегізінші  ғимарат.

08612462-B6B5-4926-88B1-09DAAB88D48B

Өткен жылы қыста осы үйдің бір пәтерінің төбесі опырылып түскен болатын. Иесі болғанмен, бос қалған  сол пәтердің төбесін округ әкімдігі ілдалап қойған еді. Шатыр жабынын да бүтіндеген. Содан бері адам қолы тимей, есігі құлыпта тұрған пәтердің не болып жатқаны да белгісіз, бір күні төбесі ортасына түседі ме деп қауіптенетін көршілері.

Енді қауіп сейілді.

- Сұңқар көшесі, 8-үй тұрғындары ғимаратты мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңғыртудан өткізу үшін үйдің жағдайын зерделеуден бастап, модернизациялау тетігін пәтер иелеріне  түсіндіруге дейін, үлкен жұмыс атқардық. Сол кезде мекеме басшысы болған Руслан Ғалиев әр пәтер иесімен кездесіп, есеп-қисап жүргізу шараларының заңды және тиянақты болуын бақылап отырды. Нәтижесінде, осы үй тұрғындары ішінен жауапты тұлға сайланып, істелетін жұмыстар есептелді. Сол бойынша жасалған жобалық құжаттамада үй жөндеуге 9,5 миллион қаржы қажет екені шықты. Жалпы көлемі 367,7 шаршы метрлік үйде 8 пәтер. Үй 1960 жылдары салынған. Шатырдың тіреу тақтайлары, жабыны әбден тозған. Жөндеу кезінде шатырдың тірек конструкциялары жанудан қорғайтын  заттармен өңделеді. Қабырғаларындағы жарықтарды бітеп, сылап-әрлейді. Кіреберіс, кірер есік ауыстырылады. Қасбетін  сылақпен жаңартады. Бұл, бір жағынан үйдің сыртқы келбетін әдемілеу болса, екінші жағынан қатты жел, жаңбыр-қардан сыртқы қабырғаны қорғайды. Үй иелері жөндеуге кеткен қаржыны пайызсыз, 15 жыл ішінде өтеп шығуы тиіс. Сол жөнінде келісімшарт жасалды,- дейді «Теректі үй жөндеу» мекемесінің басшысы Фархад Бекетов.

C46E7C4F-AF68-4B7E-86BB-B9C1F7BED761

Иә, кезінде қораш көрінетін үйдің қасында қазір қызу қарбалас. Қызыл үйдің келбеті жуықта жаңа үйлерден кем болмасы анық.

-Жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделетін үйдің жұмысына кіріскенімізге он шақты күн болып қалды. Жоба бойынша жасалатын жұмыстардың ішінде, ең бастысы, шатыр жабыны еді. Қазір біраз шытынаған, пайдасыз болған тіректерді алып тастап, жаңа тақтайдан жинастырдық. Сапалы, қалыңдығы 1 см болатын жабынмен жауып жатырмыз. Ішкі қабырғаларды сылау, қасбетін әрлеу жұмыстарын қатар жүргіземіз. Осы жерде 8 адам жұмыс жасап жатыр. Әрқайсысы ағаш шебері, сылақшы, әрлеуші болып жасай алатын, әмбебап мамандар. Жоспар бойынша, жөндеу жұмысы 2 ай жүреді деп есептелген. Мүмкіндігінше ерте аяқтауға тырысамыз. Жобада көрсетілгеннің үстіне, тұрғындардың ұсыныстары бойынша, қосымша, мысалы, баспалдақтарды ауыстыру, терезе ауыстыру сияқты жұмыстарды да жасаймыз,-  дейді құрылыс басындағы «Alemtex.kz» ЖШС өкілі Мақсот Қарағойшин.

- Бұл үйде тұрып жатқанымызға 4 жыл болады. №1 Федоров орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасап жүріп, 2016 жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша осы үйден пәтер алғанбыз. Өткен жылы кей тұрғындардың жауапсыздығынан үйіміз осындай жағдайға жетіп, төбеден су кете басталды. Су аққан жерлердің сылағы құлап, аңғал-саңғал күйге жеттік. Көп жерде жөндеу туралы сөз қозғадық. Міне, биыл үйіміз жөндеуден өтіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның  арқасында үйіміз жөнделетініне қуаныштымын. Және соған жәрдемші болған жандарға алғысымыз шексіз. Енді үйіміз ұзақ жыл бойы  бізге құтты мекен болады деп сенемін. «Кемедегінің жаны бір» дейді ғой. Бір шатырдың астында сегіз отбасы тұратын,  ортақ үй болғандықтан, әр адам өз үйіне жіті қараса екен,- дейді осы үйдің тұрғыны Гүлмаржан Исқақова.

Дұрыс сөз. Бұл сөздерге «Теректі үй жөндеу»  мекемесінің басшысы Фархад Исаұлы да қосылады:

- Көпқабатты үйлердің көпшілігі осыдан 60-40 жыл бұрын салынған ғимараттар. Күтім қажет етеді. Сондықтан үй иелері қамсыз отырмаса екен. Неше жыл жылы мекен болған баспанаңызды апатқа жеткізбеңіз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ғой. Баспана бүтін болсын десек, күтіп-баптаусыз қалдырмаған жөн Ал модернизация бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен үйлердің иелері, сіздерден өтінерім – төлемді уақтылы өтеңіз. «Үкімет пайызсыз берді» деп несиені төлемей жүргендер бар. Оларға заң жүзінде шара қабылданады.

2011 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын іске асыру үшін қолға алынған «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде елімізде мыңдаған шаршы метр үй жөндеуден өтті. Жүздеген отбасы жаңарған баспанасы әлі талай жыл игілігіне жарарына қуанып, көңілі толып отыр.  Несие төлемдері дер уақытында түсіп тұрса, әлі талай үй жаңарары сөзсіз.

Сөз соңында: аудан орталығында жаңғырту қажет етіп тұрған, жағдайы апаттық десе де болғандай Жеңіс көшесіндегі 60 үй бар. Ол үй жөнінде өткен жылдың 10 желтоқсанында, №49 санда  Желтоқсанға қатысушы апаттық үйде тұрады» деген мақала жариялаған болатынбыз. Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған сол үй «сүйегі сықарласа» да әзірге тұр. Набережная көшесіндегі 18-үйдің шатыры, қылтимасынан айырылған Центральная көшесіндегі 1-үйдің қасбеті де жөндеу «сұрап» тұр. Бұл үйлерге  де кезек келер деп үміттенеміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале