5.05.2017, 10:04
Оқылды: 27

Сұрапыл соғысқа қаратөбелік 3752 жауынгер қатысқан

М.Мерәлиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған «Ұлы ерлікке тағзым» атты соғыс ардагерлері және тыл ардагерлерімен кездесу кеші өтті.


Ұлы Отан соғысының қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, 1941-1945 жылдары Қаратөбе әскери комиссариатынан 3752 адам әскерге шақырылыпты. Олардың елге соғыс жылдары 1027-і оралған, 956 жауынгер хабар-ошарсыз кеткен, 837 отбасына қаза болғандығы жөнінде қаралы қағаз келген, 3 жауынгер тұтқында қаза тапқан.

Шара шымылдығын ашқан «Қаратөбенің қайсар ұлдары» көрмесінде Ұлы Отан соғысына қатысушы жерлес ата-әжелеріміздің жазған хаттары, төс белгілері мен ұстаған бұйымдары, өшпес ерліктері жөніндегі еңбектер таныстырылды. «Ерліктерін ел ұмытпайды» көрмесінде майдангер, данқты палуан Еңсеп Досқалиевтің, Кенжеғали Жәңгіровтің, басқа да майдангерлердің қолданған бұйымдары, жазған хаттары, еңбек кітаптары топтастырылған.

Кездесудің соныңда Мәдениет үйі қызметкерлері мерекелік ән-жырын арнаса, Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушылары ардагерлер үшін Жеңіс күніне арналған әндерін орындап берді.

Соғыс жылдарынан кейін қажырлы еңбек етіп, өз өмірлерін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған  ардагерлерге сыйлықтар табыс етілді.

       Маралбек АМАНТАЕВ

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале