22.05.2018, 10:33
Оқылды: 80

Суретші Абат Тастаев марапатқа ие болды

 

IMG_5345Алыс-жақын шет елдерге, елімізге танымал дарынды суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Абат Тастаев сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген жан. Міне, жақында ауданымызға келген ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Қайыр Оразғалиев пен Бақытқали Оразов арнайы Ақжол ауылдық округі Ілбішін ауылына ат басын бұрды. Қаршы мектебінде өткен өткен кездесуде меймандар Абат Қажығалиұлына Алматыдағы ҚР Суретшілер Одағынан арнайы беріп жіберген Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеев атындағы алтын медальді табыстады. Айта кетейік, өңірімізде бұл медальға ие болған суретші кемде-кем.

Бала кезден сурет өнеріне машықтанған А.Қажығалиев Алматы көркемсурет училищесінде, кейін Мәскеудегі тоқыма академиясының қолданбалы көркемсурет институтында білім алған. 1990 жылы арнайы тапсырмамен Қазақстан Суретшілер Одағының облыстық бөлімшесін ашуға Алматы қаласынан Оралға көшіп келеді. Сөйтіп, одақтың облыстағы бөлімшенің негізін қалап, алғашқы басқарма төрағасы болған. Бұл бөлімшенің облысымызда жұмыс жасауы көптеген жас суретшілердің бағын ашқаны сөзсіз.

А.Тастаев соңғы уақыттарда өміріндегі кейбір жағдайларға байланысты сурет салудан алшақтап кеткен еді. Дегенмен, осы марапат суретшіге қанат бітіргендей. Алдағы уақытта қылқаламды қайта қолына алатынын айтып қалды.

Әрине, уақытында құлашын кеңге жайған өнер өкілінің өз ісінен қол үзіп қалғаны кім-кімге де оңай емес. Кезінде Алматы қаласындағы, БҚО-дағы түрлі мекеме ғимараттарын безендірген кескіндемеші ретінде де аса танымал. Сондай-ақ белгілі ақын-жазушылардың кітап мұқабаларын безендірді. Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Асқақ арман» жинағының мұқабасын айтсақ та жеткілікті. Атырау облысы, Құлсары қаласындағы Жұбан кесенісін қайта жаңғыртуға атсалысқан. Бүгінде Абат Тастаевтың қолынан шыққан дүниелер Орал, Ақтау қалаларының музей қорларында сондай-ақ шет елдердегі жеке жинақшылардың қолында.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале