16.10.2017, 12:14
Оқылды: 28

Сырым ауданында аймақтық жастар форумы өтті

 

Сырым ауданында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында «Айбынды Алаш жастары!» атты аймақтық жастар форумы өтті. Форумның негізгі тақырыбы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналды.

Түске дейін Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында форумның пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев және Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарының жас көшбасшылары қатысты. Отырысты  «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Н.Жолдасқалиев жүргізді.

Биыл Сырым ауданы Алаш мұрасын түгендеуде табысты жұмыстарды жүргізді. Жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты. Жымпитыдағы Алаш мұражайы жаңғыртылып, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы – Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жерлерінің республикалық тізіміне енді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің пленарлық мәжілісте сөйлеген сөзінде осыны айтты.

Форум делегеттары түстен ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин мен әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір басты қонағы болған секциялық жұмыстарға қатысты. Форумның күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, өнер, мәдениет тақырыптары да осы отырыстарда кең талқыға түскенін айта кетуіміз керек. Делегеттар мен аудан қонақтары үшін күні бойына Сырым ауданының орталығындағы С.Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейі, Алаш саябағы, Алаш мұражайы, Ж.Досмұхамедов атындағы мектептегі мұражай бөлмесіне барып, танысу мүмкіндігі ұсынылды.

Кешкілік Жымпиты халық театры Жайсаң Ақбайдың «Жанша» қойылымын қойды. Күн әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендірдің концертімен қорытындыланды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале