27.03.2019, 16:08
Оқылды: 29

Сырым ауданында «Ашық әкімдік» шарасы өтті

 Аудан әкімі және екі орынбасары барлық ауылдық округтің орталықтарында, елді мекендерде тұрғындар үшін қабылдаулар өткізіп, оған бөлім басшылары мен жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты.

DSC_3987

Шараның бірінші күні Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты, Жосалы ауылдық округтері мен Көгеріс ауылында болып, жалпы саны 70 тұрғындыжеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан басшысы округтердегі сапарында тұрғын үйлері апатты деп танылған азаматтардың шаңырақтарында болып, жағдайларымен танысты.

«Ашық әкімдік» шарасы аясында өткен аудан әкімінің орынбасарлары Ерболат Ахметов пен Асланбек Сарқұловтың округ орталықтары мен елді мекендердегі қабылдауларына да халық белсенді қатысқан.

Сырым аудандық жалпы бөлімінің басшысы Берік Жанболсыновтың айтуынша, аудан бойынша 154 тұрғын «Ашық әкімдік» шарасының қабылдауына келген. Тұрғындар билік өкілдеріне негізінен жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алу жолдары жайлы кеңес сұрап және тұрғын үй, жұмыссыздық мәселелері жөнінде жолыққан.

DSC_3997

Әдетте халық мәселесін айту үшін әкімдердің алдына келетін еді. «Ашық әкімдік» осы үрдісті бұзды. Әкімдер, билік өкілдері халықтың мәселесін тыңдау үшін тұрғындардың алдына өздері барды. Бұл әдіс несімен тиімді? Нәтижелі ме? Осы сұрақтарды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке қойдық.

Көп балалы отбасы немесе аз қамтылған жанұялар үшін мемлекет тарапынан жаңа бағдарлама қабылданғаны белгілі.  Осы бағдарламаны халыққа түсіндіру, тұрғындардың жалпы мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі сауалына жауап беру мақсатында «Ашық әкімдік» шарасын ұйымдастырдық. Төрт күннің ішінде 32 елді мекен қамтылды.

«Ашық әкімдік» шарасының тиімділігі –  бұл жерде мәселені кейінге қалдыру болмайды.Тұрғындардың әрбір сауалына сол кезде тиісті жауаптар берілді. Мәселен, көп адам әлеуметтік мәселелер бойынша жолықты. Әріптестеріміз оларға практикалық көмек көрсетті. Ашық, жариялы әрі қолжетімді билік – бүгінгі күннің талабы. Біз осы талапты орындағымыз келеді.

Бір қуантқаны, қабылдауға несие алып, кәсіп бастаймын, еңбек етемін деген ынталы жастар көп келді. Осындай жастар үшін биыл «Жастар жылы» аясында Сырым ауданына  500 мың теңгеге дейін 34 грант бөлініп отыр. «Ашық әкімдік» аясында біраз жаспен жаңа жобалар жөнінде ақылдастық. – дейді аудан әкімі

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале