22.08.2017, 10:20
Оқылды: 18

Сырым ауданында мектеп салынуда

Cырым ауданы Жетікөл ауылдық округіне жұмыс сапарымен барған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев округ орталығындағы Сырым орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарын мердігер серіктестік «ӨркенСЕРВИС» жүргізіп жатыр. Жобаның әуелдегі құны - 166 млн.

Серіктестік өкілдерінің айтуынша, күні бүгін нысанның жөндеу жұмысы 75 пайыз орындалып үлгеріпті. Іске маусым айына кіріскен мердігерлер мойындарына алған жұмысты мүмкіндігінше мінсіз атқаруға тырысып жатыр. Жөндеу жұмыстарына серіктестіктің 60 кәсіби құрылысшысы, жергілікті жердің 12 құрылысшысы және ресми жұмыссыздар есебінде тұрған 16 адам тартылған. Жұмыс күші толық болғасын, жұмыс та қарқынды жүруде. Қазіргі күні үш қабатты мектептің жоғарғы екі қабатындағы кабинеттер жаңа тақта мен жаңа партаны ғана күтіп тұр. Мектептің жылу жүйесі жүргізіліп болуға жақын. Шатыр ауыстыру, есік - терезелерді жаңалау, едендерді құю жұмыстары шамаласып қалған. Мектептің ауласы да жаңа шарбақпен қоршалады.

Нысанды тапсырудың негізгі мерзімі – қараша. Мердігер серіктестік болса, қарашаға қарап отырмай, мектепті жаңа оқу жылына дейін толық аяқтамаққа ниетті. Алла қаласа, Сырым орта мектебінің оқушылары 2017 – 2018 оқу жылын жаңарған мектептің жаңа партасында отырып бастайды.

Аудан әкімі округтегі сапары кезінде Сырым Датұлының дүниеге келгеніне 275 толуы құрметіне Жетікөл ауылдық округінде өтетін шаралардың дайындығын көрді. Айта кетейік, келесі айдың аяғына дейін округ бойынша Сырым орта мектебінен басқа тағы 3 бірдей нысан ағымдағы жөндеуден өтеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале