4.06.2018, 16:39
Оқылды: 75

Сырым ауданында рәміздер күніне орай автошеру өтті

Сырым ауданында мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай автошеру ұйымдастырылды. Көк байрағымызды желбіреткен автошеру дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің алдынан басталып, орталық алаңға дейін келді.

Мұнда мерекеге орай салтанатты жиын өтті. Шараның басталуында мемлекеттік әнұран ойнатылды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөзінде:

–  Құрметті сырымдықтар! Сіздерді  мемлекеттік  рәміздер күнімен құттықтаймын! Елбасымыз айтқандай «Тәуелсіздік – алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі бар. Оның біріншісі көк байрағымыз, екіншісі елтаңба, үшіншісі гимн, төртіншісі қазақ тілі». Елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын осы рәміздеріміз. Тұғыры биік туымызбен, елтаңбамызбен және патриоттық рухты көтеретін мемлекеттік гимнімізбен айбынды ел бола білдік. Рәміздеріміз тұғырлы, іргеміз берік,шаңырақтарымыз биік болсын деп тілеймін - деді.

Ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева мемлекеттік рәміздердің маңызын, ондағы бейнелердің не үшін алынғанын айтып, жас ұрпақты рәміздерді  құрметтеуге, авторларын біле жүріп, қастерлеуге шақырды. Жастар атынан Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі  Шаттық Әжіғалиева құттықтады.

Салтанатты жиын әрі қарай «Демалыс орталығының» көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының» жас бишілері «Астана» флешмобын биледі.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале