6.06.2018, 16:16
Оқылды: 60

Сырым ауданында шегірткелермен күрес басталмақ

Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді мекенінің маңындағы 2000 гектар аумақтан итальяндық прус шегірткесі анықталды. Кешегі аптада жағдайды зерделеу үшін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев, Сырым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Өтепов, ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының басшысы Марат Тоқтаров және осы мекемелердің мамандары, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев шегіртке анықталған аймақта болды.

 Сырым аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор Темірлан Ғаббасовтың айтуынша, анықталған шегірткелердің жас шамасы 1-2 жасты құрайды.  Шегірткелік деңгейге жету үшін олар 4-5 жас шамасында болуы керек.

«Аса қауіпті зиянды ағзалар шоғырланған аймақ анықталды. Енді улау жұмыстары қашан жүргізіледі?» - деген сұрағымызға мемлекеттік инспектор былай деп жауап берді:

IMG_1711-Анықталған шегірткенің жасы қазір 1-2 жас шамасында деп айттық. Улау жұмыстары 2-3 жас болған кезде жүргізіледі. Улау жұмыстарын жүргізудің белгіленген талаптары бар. Мысалы, желдің бағыты секундына 2-3 м/с аспауы керек. Соңғы аптадағы желдің жағдайы белгілі. Сондықтан қолайлы уақытты күтуге мәжбүрміз. Күннің ыстығы 25 градустан асса, жұмыс тағы жүргізілмейді. Улау таңғы салқынмен және кешкі уақыттарда жүзеге асырылады. Негізінен, инспекция жұмысқа кірісуге дайын. Улауға қажетті химикаттар Сырым аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің иелігіне тиесілі уақытша сақтау қоймасында сақтаулы тұр. Тиісті техникалар келді.»

Бүгінгі күні Бұлдырты ауылдық округінен бөлек, Сарой ауылдық округіндегі 1000 га аймақта шегіртке анықталып отыр. Аумақтық инспекция Бұлдырты ауылдық округі бойынша 3,6 мың га, Жетікөл ауылдық округі бойынша 3,0  га, ал Сарой ауылдық округі бойынша 3,4 га аймаққа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Аталған округтердегі ауыл тұрғындары мен шаруашылық құрылымдарына өңдеу жұмыстары кезінде сақтық шараларын қолдану, өңдеу жасалған жайылымдық жерлерге 30-35 күндей мал жаймау жөнінде алдын ала хабарланды.

Шегірткетұқымдас зиянкестермен күрес шараларын үйлестіру мәселелері осыған дейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің төрағалығымен өткен шұғыл әрекет штабының отырысында қаралған болатын. Штаб мүшелері туындаған жағдай ушықпайды, тиісті жұмыстар нәтижесін береді деп сендіріп отыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале