12.07.2018, 17:21
Оқылды: 46

Сырым ауданында халықты жұмыспен қамту орталығы ашылды

Сырым ауданында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы ашылды. Орталықтың салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты. 

-Бұл орталық үшін аудандық бюджеттен 10 млн теңге бөлініп, мекеме жөнделіп, техникалық жабдықтаудан өтті. Адам өмірінің көркі еңбек дейтін болсақ, сол еңбекке орналасу енді сырымдықтар үшін барынша қолжетімді, бастысы ыңғайлы болады. Жақсылық құтты болсын! – деді аудан басшысы өзінің сөзінде.

Елбасы Н. Назарбаевтың жұмыспен қамту орталықтарын реформалау мен бірыңғай онлайн платформа қалыптастыру туралы тапсырмасының аясында қайта жабдықталған бұрынғы аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесі ендігі жерде халыққа электронды кезек құрылғысы арқылы қызмет көрсететін орталыққа айналды. Жұмыс ауқымының артуына байланысты мекеменің штаттық құрамы кеңейтілді, ал ауылдық округтердегі аз қамтылған отбасыларды анықтау үшін 7 ассистент пен 1 консультант қызмет ететін болды.

Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, орталық нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 -2021 жылдарға арналған бағдарламасының аясында жұмыссыздықты азайту, азаматтарды қайта даярлау мен біліктілік арттыру курстарына оқыту, тұрғындарға несие беру, жұмыссыздарды ақылы қоғамдық, жастар тәжірибесі, әлеуметтік және бос жұмыс орындарына орналастырумен айналысады. Сонымен қатар, жаңа орталық халықтың нысаналы тобымен жұмыстанып, аз қамтылған отбасыларға жаңа форматтағы әлеуметтік көмек тағайындайды.

Бүгінгі күні орталық өзінің жұмысын қарқынды жүргізуде. Жылдың басынан бері «Бастау» бизнес жобасы аясында 60 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, қазір 43 адам кәсіптік техникалық білім алып жатыр.

 Бауыржан ШИРМЕДИҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале