4.05.2018, 11:38
Оқылды: 67

Сырым ауданында жас техниктер байқауы өтті

Бүгін Сырым ауданында жас техниктер арасында «Мектеп табалдырығынан – ғылымға!» атты аудандық байқау өтті. Байқаудың салтанатты ашылу шарасына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, Ұлттық инженерлік академиясының академигі Ақсерік Әйтімов қатысты.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жанындағы «Жас техник» үйірмесі аудан бойынша 218 баланың ортақ шеберханасы мен ғылыми-тәжірибелік алаңына айналған. Осы сияқты орталықтағы «Роботехника» үйірмесі 2014 жылдан бері жұмыс жасайды. Бүгінгі күні үйірменің жетекшісі Ақжан Тасанов 36 баланы  робот құрастырудың қыр-сырына үйретіп жатыр.

«Ғылымды меңгеру әрі оған жаңалық әкелу – заманның адамға қойған талабы, -деді өзінің сөзінде академик Айсерік Әйтімов. Әйтімов мырза өзінің шағын дәрісін былай жалғастырды:

- Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында үлгі қыларлық ғылыми жетістіктер жеткілікті. Кешегі өткен ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қойылған ғылыми жобалардың бәрі Оралдағы КазИИТУ ғылыми-білім кешенінің шарбағында бар. Ірі жобамыздың біреуі деп қозғалтқышы күн энергиясымен қуаттанатын автокөлікті айтуға болады. Біздің ғылыми зертханада жас ғалым Айдана Табылдиева ғарыш аппаратының жылдамдығын секундына 200 шақырымға жеткізетін иондық қозғалтқыш ойлап тапты.

Ғылымның бір мәселесі – игеруде. Біздің өңірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай салынған өндірістер бар. Жоспарланған жұмыс қуаты мен өндіріс көлемі – өте жоғары. Бірақ жоспар жоспар күйінде тұр. Өндірістер жұмыс жасай алмай жатыр. Неге? Инновацияның тілін игеретін маман жоқ. Біз жұмыс жасауды әлі күрек пен айыр ұстау деп түсініп жүрміз. Жоқ. Мемлекет жағдайды туғызды. Қазақстанға енді технологиялар жұмыс жасау керек. Мен жастарды сол істің басынан көргім келеді. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба!» - деген сөзі бар. Дұрыс, ғылым игермей тұрып, мақтануға болмайды. Игеріңдер, ғылымның жаңалығын табыңдар, сосын мақтаныңдар әлемге! Жас ғалымдар үшін ескеретін бір қағида бар: Нәтиже дұрыс не бұрыс болғаны маңызды емес, ең әуелі - байқап көру керек!

Сырым ауданындағы робототехника үйірмесінің жұмысқа кіріскеніне 3-4 жылдай болған екен. Менің ойымша, енді бір 3 жылдан кейін жас техниктер жаңа роботтар құрастыра алатын деңгейге жетеді. Себебі, біздің кешеннің шарбағындағы жас ғалымдар алғашқы табыстарын үйірмелерден бастаған.

Ақсерік Әйтімов былтырғы жылдың аяғында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде танылды. Оның Батыс Қазақстанда бәсекеге қабілетті үш деңгейлі білім беретін ірі жекеменшік ғылыми-білім кешенін құруы, Қазақстандағы ақпараттық технологиялар, радиоэлектроника мен телекоммуникация саласындағы  сұранысқа ие мамандарды даярлаудағы және  халықаралық деңгейдегі ғылыми байланыстарды орнатудағы қайраткерлігі Әйтімов мырзаны осы құрметке ие қылды.

Бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ақсерік Әйтімов Сырым ауданының оқушыларымен кездесіп, пікірлесті.

Түске жақын жас техниктер байқауы өзінің мәресіне жетті. Робототехника мен жалпы техника бойынша өткен сайыстың қос кезеңінде Қ.Мырзалиев атындағы мектеп пен Бұлан орта мектебінің оқушылары жеңімпаз атанды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале