26.01.2018, 10:47
Оқылды: 60

Сырым ауданындағы мектептердің үштен бірі жөндеу қажет етеді

IMG_1108Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округі орталығында әкімдердің есептік кездесуі өтті.

Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев өзінің сөзінде, былтырғы жылы округтің инфрақұрылымдық ерекшелігі кәдімгідей артқанын айтты. Әкім айтып отырған Аңқаты су қоймасының күрделі жөндеуден өтуі, Аңқаты және Тоғанас ауылдарына техникалық судың тартылуы, округ орталығы мен қарасты елді мекендердің көгілдір отын желісі мен жоғары сапалы ұялы интернетке қосылуы сияқты жұмыстардың межесіне жеткені жайлы біз де осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

Былтыр жақсылыққа жарыған жалғыз округ Шолақаңқаты емес. 2017 жылдың жазында Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңаөңір және Сасықкөл елді мекендері де табиғи газды тұтынуға кірісті. Бұл туралы өзінің есептік баяндамасында Алғабас ауылдық округінің әкімі Мейірбек Хасанов айтты.

Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылындағы В.И.Шубин атындағы жалпы білім беретін мектепке күрделі жөндеудің керектігі жайлы ұсыныс әуелден бері көтеріліп жүр. Шаруаның жуық арада шешіле қоюы неғайбыл. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, аудан мектептерінің үштен бірі жөндеу қажет етіп тұр. Дәл осы мәселе бүгінгі күні Сарыой мен Алғабас және Жосалы ауылдық округтерінің негізгі мәселесіне айналып отыр. Мектеп мәселесін алғабастықтар кешегі жиналыста тағы көтерді.

- М.Қаналиев атындағы мектепке күрделі жөндеу керек. Мектепте балалар саны өсуде. Қазір екі ауысыммен білім алады. Бірақ мектеп ескірді. Санитарлық желі де жоқ. Мен балаларымның жақсы мектепте білім алғанын қалаймын, - деді алғабастық Фарида Қалешова.

В.И.Шубин атындағы мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Роза Ихсанова жөндеу жайлы жақсы жаңалық келгенше, аудан басшылығы мектептің терезелерін жаңарту жұмыстарын болса да атқара берсе екен дейді. Осы мектептің технология пәнінің мұғалімі Гүлжан Семғалиева технология сыныбы үшін жаңа құрал-жабдықтар алу туралы мәселе көтерді. Кабинеттің материалдық базасы 1965 жылдан бері жаңартылмаған. Аудан әкімі мәселені мақұлдап отыр.

Жөндеу керек, жаңарту керек, айта берсең керек дүние көп. Мысалы, Тоғанастағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі керек. Құспанкөл ауылындағы ауыз су құдықтарының бірі жаңа сусорғы қажет етіп тұр.

- Жедел жәрдем көлігі болғанынан не пайда? Егер науқасқа уақытында медициналық көмек көрсетілмесе?!, - деп шағымданды Алғабас ауылының тұрғыны Таңсұлу Сартжанова. Бұл кісінің шағымы бойынша аудан әкімі жиналыстың ізін ала тиісті мамандарды жинап, жеке қабылдау өткізді.

Бауыржан Ширмединұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале