21.12.2017, 11:38
Оқылды: 23

Сырым ауданының бюджеті бекітілді

Кешегі аптада өткен Сырым аудандық мәслихатының кезекті сессиясында 2018 – 2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешім қабылданды. Сессияға қатысушыларға бюджет жобасының түсіндірмесін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мұса Шалабаев таныстырды.

Жобада көрсетілгендей, 2018 жылға арналған аудандық бюджетке бөлінетін нысаналы республикалық, облыстық трансферттердің және кредиттердің жалпы сомасы 604 324 мың теңгенің шамасында қарастырылып отыр. Ендігі тиісті жаратылу көздері бекітілген бұл қаржы дәстүрлі шығындарды есептемегенде, негізінен Сырым ауданының инфрақұрылымын нығайтуға жұмсалмақшы. Осы орайда оқырмандарға 2018  жылы 280 млн 607 мың теңгеге Бұлдырты ауылында жаңа су құбыры салынатынын және аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылындағы кіреберіс жолға 86 млн 129 мың теңгенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін қуана хабарлай аламыз. Осы сияқты Тоғанас ауылындағы әлеуметтік нысандарды газдандырумен қатар Тоғанас, Тасқұдық ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің жобалық сметалық құжаттары жасақтау мен Қосарал ауылының су құбырын қайта құру және Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су кен орнынан сумен қамту жүйесінің құрылысы жобаларын сараптамадан өткізу жұмыстары нақты жоспарға еніпті.

Күн тәртібіндегі Жымпиты ауылдық округіне қарасты Бірінші май елді – мекеніне жаңадан атау беру, Өлеңті ауылының кейбір көшелеріне қайта атау беру мәселелері бойынша Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов хабарлама жасады. Біздің түсінуімізше, Өлеңті ауылында енді Тәуелсіздік, Астана, Жағалау секілді көшелер пайда болатын секілді. Бұл атаулар атауы қосарланған көшелерге беріледі.

Сессияның жұмысының қорытындысында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сөз сөйледі.

Осы күні Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырыста өзінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале