16.01.2017, 11:16
Оқылды: 104

Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар басталды

Дала реформаторы, батыр, шешен Сырым Датұлының туғанына  275 жыл толуына арналған алғашқы шаралар Сырым ауданында басталып кетті.

 Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында «Ел бірлігін ойлаған – Сырым батыр!» атты әдеби сазды кеш өтті. Кеш театрландырылған көрініспен басталды. Жерлес қаламгер Жәрдем Тілековтың «Дала кемеңгері немесе Сырым батыр туралы жыр» атты жырының негізіндегі қойылымды Жымпиты халық театрының әртістері сәтті алып шықты.

Сырым батырдың қазақ әдебиетінде қалыптасқан тұлғасы бар. Оның ерлігі, шешендігі, көсемдігі, ұлттың теңдігі жолындағы қайраткерлік тұлғасы жырлағанға - жыр, айтқанға - аңыз, жазғанға - тарих.  Шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков те осыны айтады.

- Даттың ұлы Сырым осы кезге дейін елдің есінде өмір сүріп келді. Тәуелсіздік Сырымды өзінің орынына қайтадан қойды. 1992 жылы Сырым Датұлының 250 жылдық тойының тұтас ел көлемінде тойлануы, ауданымызға ер Сырымның атының берілуі сөзімізге дәлел. Оралдың ортасында да, туған ауданының төсінде де батырдың ескерткіші бой көтерді. Батыр бабамыздың аты қандай құрметімізге де лайық. Біз биылғы шаралардың тұсауын батырдың ата қонысы Жетікөлдің жеріне келіп кестік. Ұлы той басталды. Азаттықты аңсап, аттың үстінде атойлап өткен сардар Сырымның тойы құтты болсын! – деді ауданның басшысы өзінің сөзінде. Ауылдағы ағайынның атынан ақсақал Сайын Панағожин жоспардағы жұмыстарға деген ақ тілеуін айтты.

Әдеби сазды кеште «Демалыс орталығы» мекемесінің қызметкерлері, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің оқушылары, аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының шәкірттері және Жетікөл ауылдық округінің көркемөнерпаздары өнер көрсетті.

Бауыржан Ширмединұлы

Қосарал ауылы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале