21.11.2017, 15:56
Оқылды: 30

Сырымда 24 тұрғын үй салынуда

Биыл Сырым ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Аралтөбе, Қоңыр, Тамды елді мекендерінде таза ауыз су желілері жаңғыртылды. Келер жылы ауданның Бұлдырты, Қосарал ауылын таза ауыз сумен қамту, Кеңашы Жымпиты ауыз су құбыры құрылысын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев баяндады.

Аудан халқын көгілдір отынмен қамту мақсатында да бірқатар ауқымды істер атқарылғандығы баяндамада айтылды. Ағымдағы жылы ауданның алты елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ауданның газдандыруға жататын елді мекендері толықтай көгілдір отынмен қамтылған. Қазіргі уақытта осы елді мекендердегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 10 айында аудан бойынша жалпы алаңы 2 949,0 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында көп пәтерлі тоғыз үйге жөндеу өткізіліп, келер жылы бір тұрғын үйге жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ тұрғын үй кезегін азайту мақсатында жалпы құны 201,1 миллион теңгеге аудан орталығынан 14, Бұлдырты ауылынан 10 коммуналдық-жалдамалы тұрғын үйлер салынуда.

Нұрбек Оразаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале