7.09.2018, 15:05
Оқылды: 43

Сырымда еңбек еріне ескерткіш тақта орнатылды

Сырым ауданында «Социалистік Еңбек Ері», «Еңбек Қызыл ту», «Ленин» және «Алтын жұлдыз» ордендерінің иегері, Сырым ауданының «Құрметті азаматы» Уәлиахмет Шоқановтың Жымпитыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Бұл шараны Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған туған жеріне еңбек еткен тұлғаларды таныту ісінің жарқын көрінісі деуге болады.

enbek (1)

Айта кетейік, Уәлиахмет Шоқанов 1933 жылы Көгеріс ауылында дүниеге келген. 13 жасынан бастап колхоз жұмысына араласқан ол 1948 жылы тракторист мамандығын алып, еңбегін колхоз механизаторы болып жалғастырды. 1960 жылдан бастап Жымпитыдағы жол пайдалану мекемесінде механизатор болды. Жол саласы Уәлиахметті өнімді әрі өнегелі еңбек адамы қылып қалыптастырды. 1964 жылы Уәлиахмет Шоқанов «Құрметті жолшы» атанды. 1966 жылы «Еңбек Қызыл ту» ордені, одан кейінірек «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалінің иегері болды. 1974 жылы оған «Социалистік Еңбек ері» атағы берілді. Сырым ауданының «Құрметті азаматы» 1997 жылдың 5 қыркүйегінде қайтыс болды.

            Еңбек ардагері 1975 – 1985 жылдары тұрған үйге орнатылған тақтаның салтанатты ашылу рәсімін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Уәлиахмет Шоқановтың інісі Сәниахмет Шоқанов, «Қазақавтожол» ЖШС Сырым ауданындағы №39 жол пайдалану бөлімшесінің басшысы Берік Бисалиев және жол саласының ардагері Төлеген Әжіғалиев жүргізді.

            Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» еңбекті қазіргі қоғам үшін ұлттық идеологияға айналдыруға үндейді.  Уәлиахмет Шоқанов сияқты еңбек ерлері идеологияның үлгісі болуға әбден лайық. Олардың өмірінде жас ұрпақ үшін тәрбие толып тұр. – деді салтанатты шарада сөйлеген сөзінде аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов.

Осы күні Уәлиахмет Шоқановтың дүниеге келгеніне 85 жыл толуына орай оның еңбек еткен мекемесі «Қазақавтожол» ЖШС Сырым ауданындағы №39 жол пайдалану бөлімшесінің ауласында арнайы билборд тұрғызылды. Билбордты таныстыру шарасына «Қазақавтожол» ЖШС БҚО филиалының директоры Еркебұлан Жұманов қатысты. Түске жақын аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде шағын футболдан Уәлихахмет Шоқановтың атындағы турнир жалауын көтерді.

Турнирмен тұспа – тұс М. Есламғалиев атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде шараның құрметті қонақтары мен Уәлихамет Шоқановтың туыстары қатысқан «Еліне еңбегімен елеулі» кездесу кеші өтті. Кештің алғы сөзін сөйлеген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Уәлиахмет Шоқановтың мемлекеттік марапаттары өз алдына, оның туған жерінің адал перзенті атанғанының өзі биік мәртебе екенін айтты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

enbek (2) enbek (4) enbek (5) enbek (6)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале