7.02.2017, 19:27
Оқылды: 50

Сырымда мал ұрлығы өршіп тұр

Sirim mal yrligi  Мал ұрлығы Сырым ауданы көлемінде дауасы табылмай тұрған дертке айналып отыр. Осы мәселе жуырда аудандық қоғамдық кеңестің отырысында кеңірек талқыланды. Отырысқа кеңестің төрағасы Әнуарбек Ғалымов төрағалық етті.


  Өткен жылдың 12 айында Сырым ауданында тіркелген 191 қылмыстық істің 75-і – мал ұрлығы. Бұл қылмыс негізінен Алғабас, Бұлдырты және Аралтөбе ауылдық округтерінде жиірек тіркелуде. Оқиғалардың орын алуының басты себебі – мал иелерінің салғырттығы. Малдың бағымына жауапты адамдар болмағасын, қарақшылық әрекеттер де еркін әрі жиі жүзеге асуда. Күн тәртібіндегі аудандағы қылмыстың алдын алу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Закин осылай дейді.

  Әріптесінің сөзін Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Талғат Кенжеахметов та қолдады.

  Бұл мәселе бойынша өз пікірін білдірген аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, қылмысқа жергілікті полиция жөнді тосқауыл бола алмай отыр. Тосқауыл болса, мәселе басқаша өрбір еді. Тұрғындар қылмыскерлерден жапа шегеді, бар дүниесінен айырылады. Сосын жәрдем іздеп ішкі істер бөліміне келеді, ал бұл бөлім болса, кінәні сол адамның өзінен іздейді.

  Осындай пікірді ауданның прокуроры Мейірхан Ізімов те білдірді. Прокурор мырза ішкі істер бөлімі жанынан қоғамдық кеңес ұйымдастыруға ұсыныс берді. Қоғамдық кеңес жариялылық, ашықтық үшін керек сияқты.

  Аудан аумағындағы иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларының орындалуын баяндаған аудандық мал дәрігерлік бөлімінің басшысы Шайхислам Кәрімовтың баяндамасы да біраз сыналды.

  Мәселелер бойынша кеңес мүшелері Асан Жүсіпов, Саламат Қаналиев, Сайлау Үкиев пікір білдірді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале