28.02.2018, 10:53
Оқылды: 241

Сырымда Жаскелең Ғайсағалиевтің ән кеші өтті

Сырым ауданында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, жерлесіміз Жаскелең Ғайсағалиевтің мерейлі 50 жасына орай «Ән-махаббат» шығармашылық кеші өтті.

Ж.Ғайсағалиев бала кезден әнге, музыкаға әуес болып өсті.  Аудандық «Аққайың» ансамблінің әндерін тыңдап, еліктеді. Әкесі Орынбасар дәстүрлі әнді кең диапазонда шебер орындаған. Жосалы орта мектебін бітіріп, әскердегі борышын өтеп келгеннен кейін ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. Өнерлі жастардың басын қосып «Назқоңыр» ансамблін құрды.

Аудандық, облыстық көркемөнерпаздардың байқауларының сан мәрте жүлдегері атанған «Назқоңыр» ансамблі 1991 жылы республикалық «Тамаша» ойын-сауық отауына қатысты. Мұнда Ж.Ғайсағалиев өзінің «Сүйкімді қыз» атты авторлық әнін орындап, аталмыш ән арқылы сазгер ретінде тұсауы кесілді.

Кеште композитордың «Жан балам», «Сүйкімді қыз» әндерін Рүстем Кереев, А.Жұмағалиевке арналған «Қоңырдың қасқалдағы» әнін Мұсағали Бектенов орындады. «Сағыныш- жастық», «Жан досым», «Астанаға тағзым» әндерін Асланбек Қуаналиев орындады. «Астанаға тағзым» 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналып жазылып, байқауда 300 әннің ішінен үздік 35 ән қатарына өтіп, бүгінде Оралдың атынан Астанаға арналған гимні ретінде шырқалып жүр. Омар Хибашев «Бір ән бар еді»,  Тарас Жауынбаев «Әке-мерей», Еркін Өтегенов «Ән-арман», Жамиға Камалова «Қызыма», Бекей Қанатов пен Айдарбек Көлбаев «Ән өлке – Жымпиты» әндерін шырқады.

Автор «Әлия-Мәншүк немесе музейдегі ой», «Әкені аңсау», «Анаға сый», «Немерем», «Айлар мен жылдар», «Қаракөз», «Ән-махаббат» әндерін өзі орындап берді.

Кеш соңында Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов сахнаға көтеріліп, кеш иесін құттықтап, лебіздерін жеткізді. Гастрольдік сапарын туған жерден бастап, Жосалы, Бұлдырты, Жымпиты халқын рухани сусындатқан концерті үшін алғысын білдірді.  Т.Төреғалиев Ж.Ғайсағалиевке құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етіп, Ә.Ғалымов сырымдықтар атынан ат мінгізді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале