10.09.2019, 12:40
Оқылды: 421

Сырымдағы турнирде ұтысқа тайлақ пен тай тігілді

Сырым ауданында бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан жаттықтырушы Тұралы Үдіреев жүлдесі үшін дзюдо күресінен 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті. Турнир Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында өтті.

IMG-20190907-WA0039

1985-1997 жылдарда Жетікөл мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің сол ауылдағы жаттықтырушысы болып еңбек етті. Бүгінгі күні чемпионмын деп жүрген талай балуан сол жылдары күрес әліппесін Тұралы Үдіреевтен үйренді.

IMG-20190907-WA0054

Тұралының турниріне тек аудан мен облыс аудандарындағы күрес мектептерінің шәкірттері емес, Атырау, Ақтөбе облыстарының жас балуандары бар, барлығы 113 спортшы қатысты.

IMG-20190907-WA0029

Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, ҚР Самбо күресінін мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есендияров, спорт ардагерлері Санат Берсебаев, Амангелді Бахтияров, Сансызбай Нұрғалиев, Ереш Бисенгалиев, Махмут Шарипов, Атырау облысы Индер ауданы балалармен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мәлік Бигенбаев, Ақтөбе облысы дзюдо күресінен аға жаттықтырушысы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Есен Миссин және жергілікті билік өкілдері, турнир иесінің шәкірттері, ауыл тұрғындары қатысты.

IMG-20190907-WA0031

Екі күнге созылған турнир жетікөлдіктер үшін шын мәнінде спорт мерекесіне айналды. 7 салмақ дәрежесі бойынша белдескен балуандар халыққа табанды жігер, тартысты күрес көрсетті. Күрес аяқталғаннан кейін жеңімпаздар арасында лоторея ойнатылды. Ұйымдастырушылар мен Тұралы Үдіреевтің бауырлары, шәкірттері турнирдің құрметті қонақтары белгілі жаттықтырушы Мәлік Бигенбаевқа бір тайлақ, ал ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Есен Миссинге бір тай атады. Бір тай мен екі қой жеңімпаздар мен олардың жаттықтырушыларына бұйырды.

IMG-20190907-WA0047

Турнирді БҚО дзюдо күресі федерациясы, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Жетікөл ауылдық округі әкімі аппараты ұйымдастырғанын, жарыстың дүбірінің зор, даңқының биік болуы үшін демеушілер атсалысқанын айта кету керек.

IMG-20190907-WA0050

Жабылу салтанатында өңір күресіне үлес қосқан бірқатар азамат федерация атынан төсбелгілермен, алғысхаттармен марапатталды.

IMG-20190907-WA0040

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале