14.11.2018, 17:19
Оқылды: 16

Сырымдық шаруа малын әуеден бақылайды

Жаһан бойынша жаппай жүріп жатқан цифрлану үрдісінен ауылдағы шаруалар да қалыс қалып жатқан жоқ екен. Алысқа бармай –  ақ, бұл сөзімізге айғақ болатын нақты мысалдар Сырым ауданының өзінен табылуда. Әрине, күннің сәулесінен электр энергиясын өндіретін батареялар мен малдың бағытын ұялы телефонмен анықтауға мүмкіндік беретін GPS – трекерлер де – жақсы мысал. Бірақ, біз үшін «Жәдік» шаруа қожалығындағы ұшатын «бақташы» кәдімгідей жаңалық болып көрінді.

 syrym baqtashy (7)

2005 жылы құрылған «Жәдік» шаруа қожалығы  о баста ірі қара мен ұсақ малдың басын көбейтумен айналысты. Марқұм Нәсіболла қарттың өзі бастаған еңбекті бүгінгі күні ұрпағы лайықты түрде жалғастырып жатыр. Ата кәсіпке адал Бисенғалиевтер кейінгі жылдары жылқы малының басын асылдандыру мен көбейтуге ерекше ден қойды. Ол үшін қожалық 2017 жылы «Құлан» бағдарламасы арқылы 19 миллион теңге несие алып, 50 бас қазақы жабы тұқымды жылқы сатып алды. Қыстақтың басына былтыр 600 шаршы метр қоражай мен 1200 шаршы метр аула салынды. Мал азығын дайындайтын техникалар мен агрегаттар жаңаланды.

-Жылқы малына еркіндік керек қой. Еркін жүріп, еркін жайылғанды жақсы көреді. Жылқышы болудың да бір қиындығы – осы жерде. Үйірдің артынан таңнан кешке дейін ілесіп жүре алмайсың, ал малыңды бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Үйірдің жайылып жүрген бағытын жиі біліп, уақтылы түгендеп отырғаның өзіңе жақсы. Көлігі мен уақыты бар адамға бұл қиын емес. Дегенмен екі айдай болып қалды, жұмысқа ұшатын «бақташы» алдым. Жаңа «бақташы» келгелі, жылқышымның жұмысы әжептеуір жеңілдеді,- деді бізге қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев.

Бақташының кім екенін, оның немен айналысатынын жақсы білеміз ғой. Ал атқа да мінбейтін, жаяу да жүрмейтін, қызметін ұшып жүріп атқаратын бұл не деген «бақташы»?

Сөйтсек, ұшатын «бақташы» дегеніміз –  әуе түсірілімдерін жасауға арналған квадрокоптер екен.  «Жәдік» шаруа қожалығы квадрокоптердің  DIJ  Mavic Pro компаниясынан өндірілген түрін таңдапты. Құны жарты миллионды шамалайтын бұл құрылғы үлкен мүмкіндіктерге ие. Жиналғанда аядай қорапқа сиятын квадрокоптер қанаттарын жазғанда шағын тікұшақтан аумай қалады. Төбесіндегі төрт пропеллер оның ұшуына, ауада бір орында қалықтап тұруына мүмкіндік береді. Дронның бір жолғы қуаты әуеде 27 минут болуына жетеді, ол осы кезде сағатына 65 шақырым жылдамдықпен бәленбай метрге дейін еркін биіктеп, радиусы 7 шақырым аймақты қамтып береді. Бұл аппаратқа 100-200 метр биіктік түк емес. Құрылғының маңдайына орнатылған 12 мегапиксельді камера бейнетүсірілім мен фототүсірілімді UltraHD сапада жасайды.

Дрон жерден тұрып арнайы джойстикпен басқарылады. Камераның аясындағы көріністер сол джойстикке біріктірілген ұялы телефонның экранына шығады. Камерадағы ақпаратты алу үшін ғаламтордың керегі жоқ, құрылғы негізгі пультпен радиобелгі арқылы байланыс жасайды. Егер GPS байланыс болса тіпті жақсы, экранға мекеннің анықтамасы қоса шығады. Камераның көзінің «өткірлігі» сондай, әуедегі оның назарынан 7 шақырымға дейінгі нысанның біреуі де «құтылмайды». Қалған ерік – басқарушыда. Керек нысанға ұшып жақындауға, төбесінен қарауға, оң немесе сол жағынан баруға болады.

Қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев квадрокоптер ұшыруды әбден меңгеріп алыпты. Ұшатын «бақташы» да өзінің міндетін жақсы түсініп алған. Әуеге көтеріледі, үйірдің жүрген жерін анықтайды, сол жерге барып, жақсылап суретке түсіреді. Сол сурет арқылы иелері үйірді түгендейді. Ал егер, үйір бытырып бара жатқан болса, қожайын ұшатын «бақташыны» жылқы қайыруға «жұмсап» жібереді. Дрон жылқылардың қақ төбесінен ұшқан кезде, 4 пропеллердің дызылдаған дауысы оларды еріксіз үркітеді. Сөйтіп, алыстап кеткен мал әп-сәтте үйірге қосыла қояды. Әсіресе, дрон өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен малды түгендеуге өте ыңғайлы.

Мақсот Бисенғалиев жаңа технологияның жылқы түгендеуден басқа да пайдалы тұстарын айтты. Жақын жерлердегі елді мекендер мен далалық жолдардың бағытын анықтау, шабындықтың шөбі қою жерін анықтау, буылған шөптерді санау жұмыстарына квадрокоптердің көмегі көп көрінеді.

Квадрокоптерді робот деуге әбден болады. Ол өзінің бастапқы ұшқан жерін  жадына сақтап, сол жерге қайтадан қона алады. Желдің жылдамдығын, қуатының шамасын, барлығын есептеп, керек кездерде апатты қонуларды жүзеге асырады. Яғни, жел ұшырып әкетеді – ау, қуаты таусылып, құлап  қалады – ау деп уайымдамауға болады.

DCIM100MEDIADJI_0107.JPG

DCIM100MEDIADJI_0106.JPG

DCIM100MEDIADJI_0006.JPG

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале